ҚР Тәуелсіздік күнінің құрметіне 49 қарағандылық азамат мемлекеттік марапатқа ие болды

ҚАРАҒАНДЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын болып өтті.

ҚР Тәуелсіздік күнінің құрметіне 49 қарағандылық азамат мемлекеттік марапатқа ие болды

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Әбілғазы Құсайынов тәуелсіз Қазақстанды құруға облыс тұрғындары елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Ел Президентінің Жарлығымен Тәуелсіздік күні қарсаңында қарағандылықтардың үлкен тобы жоғары мемлекеттік сыйлықтарды иеленді. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев екі жерлесімізді марапаттады. Еңбек ардагері, Қазақстан Жазушылар одағының ақсақалдар кеңесінің мүшесі Кәкімбек Салықов үшінші дәрежелі «Барыс» орденін иеленсе, Шахтинск қаласының «Құрылысмет» кәсіпорнының жұмыскері Любовь Рекина «Құрмет» орденінің иегері атанды», - деп хабарлады Ә.Құсайынов.

Салтанатты жиында облыс әкімі ел Президентінің атынан мемлекеттік сыйлықтарды табыстады.

Облыстық әкімдіктен хабарлағандай, Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбектері, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін 49 қарағандылық азамат марапатталды.