ҚР ТКШ-ны жаңғыртудың 2011 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзгерістер енгізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Үкіметі 2014 жылғы 29 сәуірде «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысын қабылдады, деп хабарлады ҚР Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
«Өзгерістер мен толықтырулар бағдарламаның тиімділігін арттыруға, оған халықтың қатысу тетіктерін жеңілдетуге, сондай-ақ, оны іске асыру тетіктерін жетілдіру мақсатына бағытталған.
Жаңа өзгерістерге сәйкес ортақ мүлікті жөндеу жұмыстарының үлгілік түрлері белгіленді. Сонымен, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтар жұмыстардың ең аз түрін немесе жұмыстардың ең көп түрін таңдай алады. Бұл ретте, жұмыстардың ең аз түрі - тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін және жертөлесін жөндеу (жылылау), жұмыстардың ең көп түрі - тұрғын үйдің шатырын, кіреберісін, жертөлесін, қасбетін жөндеу (жылылау), лифтін (бар болса) жөндеу.
Халықтың Бағдарламаға қатысуын жеңілдетудің негізгі тетіктерінің бірі үй-жай (пәтер) иелерінің 3%, 5% және 7% мөлшерінде көзделген алдын ала салымын алып тастау болды. Бұл шаралар бағдарламаны іске асыру кезінде көптеген тұрғындарға алғашқы төлемдерін қысқа мерзімде жинауда қиындық тудыратындықтан қабылданды, тиісінше олардың үйлері бағдарламаға қатыса алмайды. Аталған өзгерістер ағымдағы жылдан бастап тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын өткізу бойынша келіп түсетін өтінімдерге ықпал ететін болады.
Бағдарламаның жаңа редакциясында көп қабатты тұрғын үйлердің жөнделуі бірыңғай тетік бойынша іске асырылатын болады, онда құзыретті мамандандырылған уәкілетті ұйымдар (ЖШС) жөндеу жұмыстарын өз бетінше немесе қосалқы мердігер ұйымдарды тартумен жүргізеді. Қосалқы мердігер ұйымдарды таңдау бойынша конкурстық рәсімдер алынып тасталды, осылайша қосалқы мердігер ұйымдарды тұрғындардың өздері таңдайды.
Ғимаратты терможаңғырту бойынша жұмыстар кешенін жүргізу кезiнде міндетті шарттары енді жылу тұтынуды реттеудiң автоматтандырылған жүйелері (АЖТ) және жылуды есептеудің үйге ортақ аспаптарын орнату болып табылады. АЖТ орнату жылу энергиясын ортақ жылу тұтынудан 30%-ға дейін үнемдеуге, жылу пункттеріндегі өзінің мерзімін өтеген, тозған жабдықтарды ауыстыруға, тұрақты температуралық режимді қолдау есебінен үй-жайлардағы қолайлылықты арттыруға, ыстық судың тұрақты температурасын қолдау есебінен ыстық сумен жабдықтау қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жылу есептеудің үйге ортақ аспаптарын орнату тұрғын үйге кірген жылу мөлшерін анықтауға, тұтыну көлемін, жылыту сапасының параметрлерін (қысымын, температурасын және т.б.) бақылап отыруға, тұрғын үйдің жылумен жабдықтау жүйелеріндегі кемуін айқындауға мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар энергияны тұтынудың аса тиімді деңгейіне қол жеткізуге, оны автоматтандыруға және үнемдеуге бағытталған.
Сонымен қатар, Бағдарламада жылумен жабдықтау секторын реформалау және дамыту көзделген. Бағдарламаның «100 Гкал / сағатқа дейінгі қазандықтарды пайдаланудың секторын реформалау және дамытудың» жаңа бөлімі қазандықтардағы жабдықтарды 100 Гкал / сағатқа дейін қуаттылықпен реформалау және жаңғырту мәселелерін қозғайды. Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі аталған бағыттағы реформалау жұмыстарын жалғастырады», делінген хабарламада.