ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Қазақстан өңірлеріндегі қардың еруіне байланысты жағдайға шолу жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір еліміздің оңтүстігінде су тасқыны қаупі толығымен сейілді деп айтуға әбден болады. Ол жақта қар толық кетіп, жер көктеп қойған. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров айтты.

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Қазақстан өңірлеріндегі қардың еруіне байланысты жағдайға шолу жасады

«Батыс Қазақстан облысында да қар кетті. Ал Ақтөбе облысының солтүстігінде әлі біраз қар бар. Ондағы жағдайды толықтай бақылауда ұстап отырмыз. Қауіпті деген аймақтарда тікұшақтарымыз күндіз-түні кезекшілік атқарып жатыр», - деді ол.

Министр орынбасарының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында тек таулы жерлерде ғана қар қалған. Оңтүстік жағы түгелдей қардан арылды. «Қазір қауіпті жағдай, ең бірінші кезекте, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстарында орын алуы мүмкін», - деді ол. Оның қаупі бойынша, Ақмола облысындағы қар суы Солтүстік Қазақстан облысына қарай ағуы мүмкін. «Сондықтан біз бүгінде қауіп төнуі мүмкін деген аймақтарға қосымша күштерімізді жібердік. Қазір ТЖМ жүйесі тәулік бойы қызмет атқарып отыр. 5 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған», - деп атап өтті В. Петров.