19:15, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 85 жасқа толды
АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы / - Бүгін Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаҺарманы», Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі,
армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 85 жасқа толуына орай 28 Панфиловшылар саябағында мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мерекелік шараға қатысушылар майданда ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минөт үнсіздікпен еске алды, сонан соң мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. С.Нұрмағамбетов 1943 жылы Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілді. Ол Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1945 жылғы ақпанның 27-сінде Польшаны жаудан азат ету барысында 20 жасар батальон командирі С.Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейінгі жылдары қорғаныс саласындағы аса жауапты қызметтерді атқарды. 1992-95 жылдары Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, 1995-96 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі болды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді.