13:53, 12 Мамыр 2010 | GMT +5
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы ұғымына байланысты жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алу қажет - депутат З. Бәлиева
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы ұғымының заңда қамтылуына байланысты жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алу қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Зағипа Бәлиева мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз етуге қатысты заң жобаларына қол қойылғаннан кейін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек деп ойлаймын. Өйткені, бізде заңды түрде мемлекеттігімізді нығайтушы фактор Елбасы - Ұлт Көшбасшысы ұғымы қолданылатын болады. Бұны халыққа дұрыс жеткізудің оң нәтиже беретіні айқын», деді депутат.
Оның пайымдауынша, тәуелсіз мемлекеттің Елтаңбасы, Туы секілді атрибуттарының қатарына «Елбасы» («Ұлт Көшбасшысы») де енетін болады.