ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайта түсуге бағытталған бірқатар шаралар өткізеді

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - 29-30 қараша күндері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Тұңғыш Президент күні қарсаңында қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық толеранттылық, патриотизм және ел бірлігі сияқты қазақстандық құндылықтарды ел дамуының басты негізі ретінде әрі қарай нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізеді.

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайта түсуге бағытталған бірқатар шаралар өткізеді

Бұл туралы Ассамблеяның баспасөз қызметі хабарлады.

29 қарашада Астана қаласында, Тәуелсіздік сарайында «ТӘУЕЛСІЗДІК. ЕЛБАСЫ. ЕЛ БІРЛІГІ» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының 2012 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, Ассамблеяның келешектегі жұмысының өзекті сұрақтары қаралады.

ҚХА Кеңесі отырысына ҚР Мемлекеттік хатшысы М.А. Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Қ. Мыңбай, ҚХА Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігінің Хатшылық меңгерушісі Е.Л. Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, министрліктер мен ведомстволар өкілдері, Ассамблея мүшелері, республикалық этномәдени бірлестік басшылары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция қатысады.

30 қарашада «Думан» қонақ үй кешенінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі жұмысын бастайды. Отырысқа ҚХА-ның сарапшылары мен ғалымдар, аймақтық ҚХА ғылыми-сарапшылық топ жетекшілері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысады.

Сол күні осы жерде ҚХА жанындағы Этносаралық қатынастар жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубының отырысы өтеді, онда БАҚ-та этносаралық тақырыпты насихаттаудың өзекті мәселелері қаралатын болады. ҚХА сайтының жаңа дизайнының тұсаукесері өтеді және «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия таныстырылады.

Аймақтық Қазақстан халқы ассамблеялары 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған 80-нен аса тақырыптық іс-шаралар жоспарланған, оның ішінде: ғылыми-тәжірибелік конференциялар, этномәдени бірлестіктер форумдары, «дөңгелек үстелдер», өнер және қолданбалы шығармашылық фестивальдері, көрмелер, концерттер, спорт жарыстары және т.б. өткізіледі