ҚР Тұңғыш Президенті күнінде 160 жас әртіс «Бақыт» қойылымын көрсетеді
АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - 1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күнінде елордада және барша Қазақстанда мерекелік іс-шаралар, концерттер, акциялар, әлеуметтік шаралар, байқаулар және т.б. ұйымдастырылады. Астанадағы басты іс-шаралардың бірі - «Бір ел, Бір тағдыр, Бір Елбасы» шарасы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Бұл туралы astana.gov.kz сайты хабарлайды.
Іс-шара барысында елордалық оқушылар арасындағы «Қазақстан 2050 оқушылар көзімен» байқауының 7 жеңімпазы мен Гран-при иегерін салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.
Сонымен қатар, келушілердің назарына 300 адамның қатысуымен кіріспе қойылым ұсынылады. Мереке күні балалар да тыс қалмайды, көрермендер Оқушылар сарайының, «Ренессанс» балет мектебінің және өскемендік «Флэш» тобының 160 шәкіртінің қатысуымен «Бақыт» қойылымын тамашалайды. Мұнымен қоса, мерекелік концертте классикалық және халық музыкасы ойналып, 40 жас скрипкашы және Оқушылар сарайынан 40 домбырашы өз өнерлерін ортаға салады.