00:26, 02 Шілде 2013 | GMT +5
ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде «Бақытты қалам - Астана» атты балалар мерекесі өткізіледі
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Астананың 15 жылдық мерейтойы қарсаңында 3 шілде күні сағат 10.00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде елорданың кішкентай бүлдіршіндеріне арналған «Бақытты қалам - Астана» атты музейлік балалар мерекесі өткізіледі, деп хабарланды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі өзінің ағарту қызметін балаларды көпмәдениеттілік контексінде дамытуға, мектепке дейінгі балаларды салт-дәстүрдің сан алуандығымен таныстыруға, олардың бойында түрлі мәдениетке құрметпен қарауды қалыптастыруға, төзімділікті тәрбиелеуге бағыттауда.
Балалар мерекесі елордалық № 11 «Гауһар» бөбектер бақшасы ұжымымен бірлесе дайындалды. Мерекеде қазақ халқының аңыз-ертегілері, Астана, достық пен бақытты балалық шақ туралы өлеңдер мен тақпақтар оқылып, би мен әннен шашу шашылады.
Балаларға ұйымдастырушылар тарапынан тосынсыйлар мен сыйлықтар беріледі.