ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде «Бұхар әмірлігіндегі билік элитасының мәдениеті» атты көрме ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 3 қазанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Ресей Этнографиялық музейінің (Санкт-Петербург) қор жинағынан «Бұхар әмірлігіндегі билік элитасының мәдениеті» атты көрменің ашылуы өткізіледі.
2014 жылдың тамыз айында өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өткен ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі отандық және шетелдік серіктестермен табысты шығармашылық байланыстарды дамыта отырып, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен мәдени мұрасын насихаттаушы мәдени ынтымақтастықтың әйгілі орталығы болып табылады, деп хабарлайды аталмыш мұражайдың баспасөз қызметі.
Ресей Этнографиялық музейінің негізі 1902 жылы III Александр патшаның Орыс музейіндегі Этнографиялық бөлімі ретінде қаланды. Қазіргі таңда РЭМ - Еуразия халқының дәстүрлі ескерткіштерін зерттейтін және сақтайтын әлемдегі ең ірі этнографиялық музейлердің бірі. Музей жинағында зор ғылыми және эстетикалық құндылығы бар 500 000-нан астам жәдігер бар: ХVIII-XX ғасырлардағы тұрмыстық бұйымдар, негативтер, фотобасылымдар, суреттер, кескіндемелер. Бұл жерде Шығыс Еуропа, Кавказ, Сібір және Орталық Азия халықтарының этнографиялық материалдары орналасқан.
Ұлы жібек жолы - 1,5 мың жылдай сан алуан мәдени орталықтар мен құрлық өркениеттерін - Ежелгі Қытай территориясынан Батыс Еуропаның қиыр-шығысын тоғыстырған Еуразия мәдени кеңістігінің тарихындағы феномен болып табылады. Ұлы жібек жолы арқылы адамзаттың ортақ мұрасына айналған әртүрлі бағыттағы сан алуан мәдени құндылықтар жеткізіліп, ілгері өрлей түсті. Ұлы жібек жолының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде жол торабында орналасқан мемлекеттік құрылымдар үлкен рөл атқарды. Өз кезегінде, Ұлы жібек жолының еуразиялық экономикалық-саяси үдерістерге ықпал етуінен олар өздерінің дамуына қуатты ынталандыруға ие болды.
Көрменің негізгі мақсаты - келушілерді Орта Шығыстың ең маңызды саяси орталықтарының бірі - Бұхар әмірлігінің билік элитасының субмәдениетімен таныстыру. Билік элитасы көп еңбекті қажет ететін қымбат бұйымдардың негізгі тұтынушысы болды: салтанатты киімдер, ат-әбзелдері, зергерлік әшекейлер. Бұл заттардың маңызды бөлігі дипломатиялық сыйға арналған. Мұндай бірегей заттардың үлгілері кәсіби этнографтардың бүгінгі күнге дейін ұзақ әрі мақсатты түрде жүргізген жұмыстарының нәтижесінде сақталды. Көрменің заттық кешенінің байлығы және тұтастығы XIX ғасырдағы билік элитасы өкілдерінің өміріндегі әртүрлі көріністермен толық көлемде танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспозицияда сән-салтанат және киім, музыкалық аспаптар және исламдық ғибадат заттары, шерулік қару-жарақтар және ат жабдығы, аушы құстармен аң аулау көріністері ұсынылады.
«Бұхар әмірлігіндегі билік элитасының мәдениеті» көрмесі 31 қазанға дейін жалғасады