ҚР Тұңғыш Президенті: Тәжікстанмен екіжақты қатынастар нығая береді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметінен мәлім етті.

ҚР Тұңғыш Президенті: Тәжікстанмен екіжақты қатынастар нығая береді

Кездесу барысында Елбасы ынтымақтастықтың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан мен Тәжікстан берік достыққа және сенімге негізделген қатынастар орнатқанын атап өтті.

«Достығымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Сіз әлемдегі күрделі жағдайда Тәжікстанды басқарып отырсыз. Елдеріңіз дәйекті дамып, тұрақтылық қамтамасыз етілуде», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті екіжақты қатынастар бауырлас халықтардың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая беретінін айтты.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қарқынды дамығанын атап өтті.

«Мен Қазақстанның көз алдымызда қалай өзгергенін көрдім. Елордада өткен алғашқы кездесулер менің есімде және оның қаншалықты өзгергенін көріп отырмын. Оң өзгерістер қалада ғана емес, бүкіл еліңізде жүріп жатыр. Бұл - Сіздің табысты жұмысыңыздың, дана және көреген саясатыңыздың нәтижесі», - деді Тәжікстанның Президенті.