11:55, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
«ҚР Тұңғыш Президентінің 20 интеллектуалдық мектебі» жобасын іске асыруға 5 млрд. теңге бөлінді
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «ҚР Тұңғыш Президентінің 20 интеллектуалдық мектебі» жобасын жүзеге асыруға 5 млрд. теңге бөлінді.
Бұл туралы бүгін аталмыш жоба аясында Астанада физика-математика бағытындағы ел Президентінің алғашқы интеллектуалдық мектебінің салтанатты ашылуы рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мемлекет басшысының айтуынша, интеллектуалдық мектептерде жаратылыстану бағытындағы яғни, физика-математика, химия-биология пәндері тереңдетіліп оқытылатын болады. Аталмыш пәндер бойынша зерек әрі дарынды балалар іріктелініп алынады. «Себебі, математика басқарудың, экономиканың, қаржының негізі. Физика ? жоғарғы технологиялық ғылымның дамуы. Әрине, бұл мектептерде еліміз үшін қажет мамандықтарға негіз болатын басқа да пәндер оқытылатын болады», деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуынша, интеллектуалды мектептерге айрықша мәртебе беріледі. Президент интеллектуалды мектептерде оқитын балаларға және оларға білім беретін ұстаздарға мемлекет зор жауапкершілік артып отырғандығын айта келе, мемлекеттің қаржысы желге ұшпайтындығына сенім білдірді. «Бұл 20 интеллектуалды мектептен түлеп ұшқан жастар болашақта Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне, біліміне, ғылымына, саясатына, ел басқару ісіне қатысады деп сенемін. Бүгінгі атқарылып жатқан шаралардың пайдасын мемлекет 15-20 жылдың ішінде көретін болады», деп атап көрсетті Н. Назарбаев.