ҚР Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантының көлемі ресми белгіленді
АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Жазира Жаңабаева/ - ҚР Үкіметі 2009 жылғы наурыздың 14-де «Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің зияткерлік мектебі» мамандандырылған білім беру ұйымдарындағы дарынды балалардың оқу ақысын төлеу үшін «ҚР Тұңғыш Президентінің «Өркен» білім беру грантының көлемін және оны беру ережесін бекіту туралы» қаулы қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Өркен» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Грантты қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Бір гранттың бір жылдық көлемі 728 000 теңгені құрайды және ол индексацияға байланысты өзгеруі де мүмкін. Байқауға қатысуға 7-11 (12) сыныпта оқитын, осы ереже талаптарына сәйкес құжаттарды өткізген ел азаматтары жіберіледі. Құжаттарды қабылдау мерзімі мен оның мекен-жайы, сондай-ақ байқауды өткізудің бірінші кезеңінің мерзімі Қазақстанның барлық аймағына таралатын бұқаралық баспасөз құралдарына жарияланады. Құжаттарды қабылдау 30 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде және байқаудың бірінші кезеңін өткізуге екі күн қалғанда тоқтатылады. Байқау жазғы және қысқы демалыс кездеріне өткізіледі деп күтілуде және ол екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде үміткерлер мектептің бағытына сәйкес бағдарлық пәндер бойынша, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілінен кешенді тесті тапсырады. Екінші кезеңге 40 және одан да көп пайыз дұрыс жауап берген үміткерлер жіберіледі және олар тағы да бағыттық пәндер бойынша жазбаша емтихан тапсырады. Нақты мектептер бойынша бөлінген гранттар шегінде, байқау қорытындысы бойынша жоғары балл алған үміткерлерге грант беріледі. Оның қорытындысы жөніндегі шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Байқаудың қорытындысы хаттамаға комиссия қол қойған күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде өкілетті органның web-сайтында жарияланады.