ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Көкшетауда шұжық ішінен қауырсын табылғанын растады

"Сараптама Көкшетау тұрғыны интернетке салған шұжықта қауырсын барын растады. Көкшетау қаласы тұрғындарының өтініштері бойынша жүргізілген зертханалық сараптаманың нәтижелері Көкшетау қаласындағы «Скиф Трейд» ЖШС-нің «SMALL» көтерме маркетінде сатылып жатқан Астана қаласындағы «Prod Company «Pyarn» ЖШС-нің шұжық өнімдерінде қауырсынның бар екендігін анықтаған.
Өндіруші «Prod Company «Pyarn» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексерулер жасау үшін материалдар Астана қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жіберілді.
Комитет Көкшетау қаласы тұрғындарына талапқа сәйкес келмейтін өнімдер туралы уақтылы ақпараттандыруда көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді", деп көрсетілген комитет сайтында.
Еске сала кетейік, осыған дейін "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі хабарлағандай Көкшетау тұрғыны «SMALL» көтерме маркетінен сатып алған шұжықтан құстың қауырсынына ұқсас зат шыққан болатын.
Ұялы телефонға түсірілген бейнетаспада шұжық (колбаса) сатып алған ер адамның оның ішінен құстың қауырсыны мен мамығына ұқсас затты пышақпен турап, алып шығуда. Бейнетаспада сөйлеп тұрған адамның айтуынша, ол аталған шұжықты Көкшетаудағы «Small» көтерме сауда орталығынан сатып алған. Оны осы бейнетаспадағы түбіртектен анық байқауға болады.
«Қайырлы таң, қазақстандықтар! Əсіресе, көкшетаулықтар. Баршаңызды өткен мерекемен құттықтаймын. Кеше шұжық сатып алып, одан салат жасаймыз деп шештік. Сосын əйелім дүкенге барып шұжық сатып алды. Бүгін шұжықты турап едік, ішінен құстың қауырсыны мен мамығы шықты. Міне, көріңіздер... ...МВ сауда белгісімен «мясные времена» деп көрсетілген. Дүкен директорына қоңырау шалып, бүкіл көкшетаулықтарды осы шұжықпен тамақтандырмас үшін тауарды сөреден алып тастауды өтіндік. Ең қызығы, шұжықтың шыққан жері, яғни, реквизитінде «Астана қаласы, Бейсембаев (Бейсекбаев - ред.) көшесі» деп тұр. Ол аздай «халал» белгісін көріп тұрмын. Оның мұнда қайдан келгені түсініксіз. Бұдан кейін шұжық (колбаса) жемейтін боламын. Сақ болыңыздар», деп тұрғындарды құлақтандырған болатын бейнероликтің иесі.
Кейін, Астаналық "Мясные времена" шұжығын өндіруші ішінен құс қауырсыны шыққан халал шұжығы туралы жарияланған видеоға қатысты пікірін білдіріп, бұл ақша табу үшін түсірілген видео екенін айтып, ақталғандай болды.
«Біз өзіміздің цехта тергеу жүргіздік. Шұжықты кесіп, бейне таспаға түсірдік, арасында қауырсын жоқ. Мен видеоны таратушымен хабарластым, олар ірі көлемде ақша сұрайды. Менің ойымша олар бұл видеоны пайда табу үшін түсірген. Телефон жазбасы бізде бар. Өйткені, басшылыққа, дүкенге шұжықты əкеліп көрсеткен жоқ. Оған қоса, олар шұжықтың кесілген бөлігі, логотипі бар оң жақ тұсын кеспей, логотипі жоқ тұсын кесуде. Бұл бізге күдік тудырып отыр", деп атап өткен еді «Мясные времена» шұжық цехының директоры Антон Пярн.
Алайда, ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті бүгін бұл даудың соңғы нүктесін қойып, Көкшетаудағы «SMALL» көтерме маркетінде сатылып жатқан Астана қаласындағы «Prod Company «Pyarn» ЖШС-нің шұжық өнімдерінде қауырсынның бар екендігін растады.