ҚР ТЖМ Алматы маңындағы жер сілкінісі туралы ақпаратты қуаттаған жоқ

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Қазіргі сәтте ҚР ТЖМ-ға Қазақстан аумағындағы жер сілкінісі туралы ешқандай ақпарат түскен жоқ, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Төтенше жағдайлар министрлігінен.

ҚР ТЖМ Алматы маңындағы жер сілкінісі туралы ақпаратты қуаттаған жоқ

"Бүгінгі күні ҚР ТЖМ дағдарыстық орталығына ҚР аумағындағы жер сілкінісі туралы ешқандай ақпарат түскен жоқ. Бұл Алматыдан 600 шақырым жерде болған жер сілкінісінің ошағы өте алыста болып, бізде сезілмеуімен байланысты шығар. ҚР білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы жерасты дүмпуі болған болса, бізді ең алдымен хабардар етеді. Алайда осы сәтке дейін Алматы маңында жер сілкінісі болғаны туралы ақпарат бізге түскен жоқ", - деді ведомстводағылар.

Еске сала кетейік, бүгін бірқатар электронды БАҚ-та Алматыдан 606 шақырым жерде тербелісі 4,9 жерасты дүмпулері болғаны туралы ақпарат жариялады. Жер сілкінісі Қытай аумағында, оңтүстік астанадан оңтүстік-батысқа қарай 606 шақырым жерде болған. Жер сілкінісінің тербелісі 4,9 балл. Дүмпулер сенбі күні Астана уақытымен 10.59-да тіркелген.