ҚР ТЖМ: Ел жолдарында қар құрсауынан 38 көлік пен 125 жолаушы құтқарылды
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше сағат 20.03-те Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, «Шелек-Қаражота» тас жолында қар құрсауынан 12 жолаушы мінген 6 жеңіл көлік құтқарылып, жолдың тазартылған учаскесіне шығарылды.
Сондай-ақ, 20 желтоқсан сағат 21.20-да Алматы облысы Кербұлақ ауданы, Алтын Емел өткелінің «Сарыөзек-Жаркент» тас жолында 63 жолаушысы бар 20 жеңіл көлік күртік қардан шығарылды.
Осы күні сағат 22.00-де Жамбыл облысы Қордай ауданы, Қордай өткелінің «Алматы-Ташкент» тас жолында қар құрсауында қалған 12 техника (10 жеңіл көлік пен 2 жүк көлігі) мен 50 адамға көмек жетті. Олар жылыну үшін Алғаның орта мектебіне жеткізілді.
ҚР ТЖМ-нан нақтылағандай, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.