ҚР ТЖМ «Қыс-2013» республикалық оқу-жаттығу өткізуде
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Алдағы қыс кезеңіне дайындық шеңберінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі 2013 жылғы 21-22 қарашада «Қысқы кезең жағдайларында төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбына «Қыс-2013» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізеді. Оқу-жаттығуды басқару штабы ҚР ТЖМ-ның Республикалық дағдарыс орталығында орналасқан.
Ағымдағы жылы «Қазгидромет» болжамы бойынша қатты суық болады деп күтілуде. Азаматтардың қауіпсіздігіне жедел ден қою әзірлігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ қысқы кезеңге дайындық бойынша кешенді жоспарлы жұмыс жүргізуде. Ауқымды сипат алатын «Қыс-2013» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындық жүйесінің күштері мен құралдары әзірлігін тексеру, сондай-ақ ТЖ-ны жою кезіндегі өзара іс-әрекетті пысықтау жоспарлануда.
Оқу-жаттығуға мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдары, ведомстволық бағыныстағы ұйымдары қатысуда.
«Қыс-2013» оқу-жаттығуы шеңберінде республика бойынша қысқы кезеңдегі ТЖ-ны жою бойынша іс-әрекеттерді пысықтау бойынша тактикалық-арнайы жаттығулар өтетін болады.
Оқу-жаттығуға барлығы саны 13 мыңнан астам адамды құрайтын Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының 382 бөлімшесі тартылды, сондай-ақ 3 мың бірлік техника жұмылдырылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.