ҚР ТЖМ-нің барлық бөлімшелері су тасқыны қаупіне байланысты күшейтілген қызмет режіміне көшірілді
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық бөлімшелері су тасқыны қаупіне байланысты күшейтілген қызмет режіміне көшірілді.
Бұл туралы бүгін аталған ведомство баспасөз қызметінің бас маманы Эльдор Райымбеков мәлім етті.
Оның атап өтуінше, орталық басқару және жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізеді.
«Аталған оқу-жаттығу аясында Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың басқарма органдары мен жеке құрамында 182 мың маманы, 32 мың автомобиль және арнайы техникалары бар 13 мыңнан астам апаттық құтқару қызметтері әзірлік жүргізді», - деді ол.
Сонымен қатар Қазақстан аумағының 70 пайызы көктемгі су тасқынына ұшырағыш екендігін атап өткен ол: «Батыс Қазақстан облысындағы Жайық өзеніндегі ахуал қауіп төндіріп отыр. Өйткені Шаған, Деркөз өзендеріндегі су деңгейі өте жоғары. Ал Үлкен және Кіші өзендегі су көлемі нормадан 30-80 пайызға артық», - деді Э.Райымбеков.