ҚР ТЖМ шетелдік және отандық туристер үшін қауіпті маршруттар тізбесін заңмен бекітпек

АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі шетелдік және отандық туристер үшін қауіпті маршруттар тізбесін заңмен бекітпек.

ҚР ТЖМ шетелдік және отандық туристер үшін қауіпті маршруттар тізбесін заңмен бекітпек

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында аталған ведомствоның басшысы Владимир Божко айтты.

Министрдің айтуынша, жыл сайын ел аумағында жоғалған туристерді іздеумен байланысты құтқару жұмыстары жүргізіледі. Өйткені Қазақстанға келген азаматтар өз беттерінше қозғалыстың қауіпті маршруттары бойынша туристік жорыққа шығады. Тіпті, кейде мұндай жағдайдың соңы қайғылы оқиғаларға ұласады.

«Өткен жылы осындай фактілер Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орын алды», - деді министр.

В.Божконың айтуынша, осындай қайғылы жайттардың алдын алу мақсатында ведомство отандық және шетелдік туристер үшін тіркелу тәртібі мен өте қауіпті маршурттардың тізбесін бекіту мәселесін Туризм және спорт министрлігімен көтерген. Дегенмен Әділет министрлігі мұндай құжат дайындау аталған органдардың құзыретіне жатпайтындығын алға тартып, мемлекеттік тіркеуден бас тартқан.

«Ендігі уақытта бұл құзыреттілік «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Заң жобасын ағымдағы жылдың қыркүйегінде қарау көзделуде», - деді ол.