ҚР ҰЭМ ауа баптағыш орнатуға енгізілген шектеудің күшін жоймақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы наурызға дейін көп қабатты үйлердің қабырғасында орнатылған ауа баптағыштар мен спутниктік антеннеларды алып тастау қажет етпейді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
None
None

«Бұл жайында құрылыс ережелерінде көрген боласыздар, яғни биылғы 1 наурыздан бастап жаңа қағидалар күшіне енді. Бұл талаптар неліктен қойылғанына тоқталатын болсақ, қалалалардағы сәулеттік көріктілікті, халықтың қауіпсіздігін жоғарылату мақсатында енгізілді. Осы талаптар бір мезгілде бұдан бұрын орнатылған салқындатқыштар мен спутниктік антенналарды алып тастауды қажет етпейді», - деді ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер және жер ресурстарын басқару комитетінің Сәулет, қала құрылысы және қала құрылысы кадастры басқармасының басшысы Сәуле Мұстафаева.

Бұл қағида жаңадан салынатын көп қабатты үйлерге қатысты екеніне тоқталған ол жақын арада бұл ережеге тиісті өзгертулер енгізу қарастырылып отырғанын жеткізді.

«Қазіргі кезде бұл талапты қайта қарайтын боламыз, себебі тұрғындар тарапынан наразылық пен ұсыныстар енгізіп жатыр», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қарастырылып отырған тиісті толықтыру аясында аталған шектеудің көп қабатты үйлерге таралуын алып тастау жоспарланып отыр.

«Осы қағида аясында тарихи-мәдени маңызы бар нысандарға, ғимараттың сәулеттік элементтеріне аталған құрылғыларды орнатуға шектеу сақталатын болады», - деді С. Мұстафаева.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 1 наурызынан бастап құрылыс саласында құрылысты ұйымдастыру және рұқсатнамалық рәсімдерден өту ережелері күшіне енді. Құжатқа сәйкес, шаһардың магистральды және транзиттік көшелерінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерінде ауа баптағыштарды орнатуға рұқсат етілмейді.

Соңғы жаңалықтар