ҚР ҰЭМ «Doing Business 2018» қорытындысында Қазақстанның 1 орынға төмендеу себебін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева «Doing Business 2018» Дүниежүзілік банкі рейтингісінің қорытындысы бойынша Қазақстанның 36 орынға сырғып, өткен жылмен салыстырғанда 1 орынға төмендеу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Doing Business рейтингі жыл сайын жарияланады және ол 190 мемлекетті қамтиды. Мемлекеттер рейтингін қалыптастыруда 10 индикатор негізге алынады.
ҰЭМ өкілінің айтуынша, «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы рейтингі бойынша Қазақстан 190 елдің арасында 1 орынды иеленді (былтыр 3 орында болатын). Екі жыл бойы Қазақстан «Келісімшарттарды орындау» индикаторы бойынша алғашқы ондықтағы 6 орында келе жатыр. «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша - 17 орында және «Төлем қабілетсіздігін шешу» (39-орын), «Кәсіпорындарды тіркеу» (41- орын), «Салық салу» (50-орын), «Құрылысқа рұқсат алу» (52 орын), «Электр желілеріне қосылу» (70- орын), «Несие алу» (77- орын), «Халықаралық сауда» (123-орын) индикаторлары бойынша орын алған.
"Өкінішке орай,"Құрылысқа рұқсат алу" индикаторы бойынша былтыр 22 орында болсақ, биыл 52 орынға дейін құлдырадық. Бұған тексеру мерзімін 68 күннен 123 күнге дейін ұзарту және процедураларды 13-тен 19-ға дейін көбейту себеп болып отыр. "Халықаралық сауда" индикаторы бойынша 4 позицияға төмендеп, 123 орынға табан тіредік. "Несиелер алу" бойынша - 75 орыннан 77 орынға, "Төлем қабілетсіздігін шешу" бойынша - 39 орыннан 37 орынға сырғыдық.
Халықаралық сауда индикаторы бойынша көрсеткіштер былтырдан бері өзгерген жоқ, бірақ, басқа елдердің жоғары өрлеуінен Қазақстан ұстанымы төмендей түсті. Мәселен, Ресей Федерациясы осы индикатор бойынша 40 орынға көтерілді, сәйкесінше біздің ұстаным 4 позицияға төмендеді", - деді Ғ.Жолдыбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, департамент директоры аталған рейтингте Қазақстанның Италия (46), Бельгия (52), Израиль (54), Грекия (67), Түркия (60) сияқты ЭЫДҰ-ның елдерін, сонымен қатар ЕАЭО Кеден одағы елдерінің арасындағы рейтингте Беларусь (38), Молдавия (44), Армения (47), Қырғызстан (77) елдерін басып озғанын атап өтті.