ҚР ҰЭМ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан ары дамытуға бағытталған заң жобасын әзірлеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан ары дамытуға бағытталған заң жобасы әзірленуде. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік саясат және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментіне қарасты басқарманың басшысы Марғұлан Ермағанбетұлы мәлім етті.

ҚР ҰЭМ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан ары дамытуға бағытталған заң жобасын әзірлеуде

Оның атап өтуінше, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97 және 98 қадамдарын жүзеге асыру аясында өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған. Аталған заңға орай жергілікті өзін-өзі дамыту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезекте дербес бюджеті мен меншігі бар аудандық, ауылдық, ауылдық окургтық толыққанды өзін-өзі басқару жүйесі құрылады.

«ҚР Президенті жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның ұсыныстарына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен меншігін құру мәселесі 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», - деді ол.

Сонымен қатар ол елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан ары дамытудың негізгі түбегейлі бағыттарының шешімдері қарастырылатын заң жобасы ҚР Ұлттық экономика министрлігі тарапынан әзірлену үстінде.

«Аталған заң жобасын әзірлеу барысында жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы табысты халықаралық практикасы байқалып отырған ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі барынша зерделенеді, сонымен қатар халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары ескерілетін болады», - деді М.Ермағанбетұлы.