ҚР ҰҒА академигі: Бұзақы топқа тойтарыс беруіміз қажет
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірлігімізді сақтап, еліміздің тұтастығына іріткі салған топқа қарсы тұру аса маңызды. Мұндай пікірді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология факультетінің деканы, ҰҒА академигі Болатхан Заядин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрметті қазақстандықтар, елімізде 2022 жылдың алғашқы аптасында қиялымызға келмеген өте қиын жағдай орын алды. Жиылған топқа күтпеген жерден қосылған бұзақылар халқымыздың байлығын тонап, тыныштығымыздың талқанын шығарды. Қаңтардың бесінші жұлдызында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев оқу орнының барлық жауапты қызметкерлерін жинап, осындай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі туралы өзінің үкімін бізге таныстырған еді. Қазіргі таңда осыны негізге ала отырып, белсенді түрде жұмыс жасап жатырмыз. Телефон немесе хабарлама жіберу арқылы барлық студенттеріміз бен оқытушыларымызға ахуалды түсіндірдік. Емтихандардың өтетін мерзімін ретке келтірдік. Оқу орнының ректоры бастаған штат тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде ғимаратта отырып, оқытушылармен байланысты үзген жоқпыз», деді ғалым. Болатхан Заяден әкімшіліктерге шабуыл жасау, телевидение ғимаратын өртеу, банктерді тонау секілді жан түршігерлік жағдай ешкімнің де ойына келмегенін атап өтеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты сабырлыққа шақырып, қандай шараларды жүзеге асыруымыз қажеттігі жайында үндеу жасағанын еске салады. «Бүгінде Президентіміз демократиялық түрде халық талабына құлақ асқанын байқап отырмыз. Мемлекет басшысының экстремистік топтардың іс-әрекетіне қарсы жасалған саясаты жұртшылық қолдауына ие болып отыр. Өйткені бұқара халық өмірімізге қауіп төндіріп, жеке мүлкімізге зиян келітірген және тынышымызды бұзған бұзақыларға қалай да тойтарыс беру қажеттігін түсінеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырғандай ең басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз, егемендігіміз. Әлем картасында қазақ деген мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін, ақылмен, заңды түрде мақұлданған қадамдарға баруымыз қажет. Сондықтан лаңкестердің сұмдық іс-әрекетіне қарсы жасалған шараларды жүзеге асыруға 100 пайыз келісеміз. «Темірді қызған кезде соқ» деген қазақтың даналығы бар. Бұл сәт тез арада шешім қабылдап, әрекет ететін уақыт. Сондықтан халықты сабырлыққа шақырғым келеді. Қазір бірлігімізді сақтап, еліміздің тұтастығына іріткі салған топқа қарсы тұру аса маңызды», деді ол.