ҚР ҰҒА кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді қолдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу идеясын қолдайды. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Қазақстан-2050» демократиялық күштердiң жалпыұлттық коалициясы отырысында аталған академияның президенті Мұрат Жұрынов мәлім етті.
«Ұлттық ғылым академиясының мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын талдап, қолдады. Қазір Қазақстан өрлеу үстінде. Экономикамыз да көтеріліп келе жатыр. Елдің ішіндегі жағдай, қарапайым халықтың тұрмысы, барлығы өрлеуде. Біз небәрі 20 жылдан астам уақыттың ішінде алдыңғы қатардағы қабілетті 50 елдің ішіне кірдік. Бұл үлкен жеңіс. Ал енді алдымызға 30 елдің ішіне кіру үшін үлкен мақсат қойып, осы жолда келе жатырмыз», - деді ол.
М.Жұрыновтың айтуынша, елімізде индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» бағдарламалары қабылданды. Бұл бағдарламалар еліміздің экономикасының өркендеуіне өз септігін тигізеді.
«Ал енді халқымызда «күн жылы, жер қарада», деген сөз бар. сондықтан осындай жағдайды пайдаланып, келесі жылы болар сайлауды биыл өткізсек, ол құба-құп»,- деді академик.