ҚР ҰҒА төралқасы 2015 жылы президентік сайлау өткізу бастамасын қолдады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Ғылым академиясының төралқасы 2015 жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі ҚХА бастамасын қолдаған шешім қабылдады. Бұл туралы бүгін Алматыда ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов мәлім етті.
«Елдегі саяси және экономикалық жағдайды талдау осы бастаманы қолдауға екі мықты дәйек бар екенін көрсетеді. Біріншіден, мәселенің заңдық жағы. Президенттік және парламенттік сайлауларды бір жылда өткізу елдің Негізгі заңының нормаларына қайшы келеді. Сондықтан таңдау жасау қажет. Әрине, қоғам үшін президенттік сайлау маңызды. Екінші себеп - әлемдегі күрделі экономикалық жағдай. Қазақстан Ресеймен тығыз экономикалық байланыста, қазір бұл ел Батыс санкцияларынан қиындықтарға душар болып отыр. Бұл шаралар Ресейдің экономикасына ғана емес, оның жақын әріптестеріне де әсер етуде. Қазіргі кезде Қазақстан - Орталық Азиядағы гүлденген елдердің бірі. Біздің елдің ІЖӨ Өзбекстанның, Қырғызстанның Түрікменстанның және Тәжікстанның ІЖӨ жиынтығынан асып түседі», - деді М.Жұрынов.
Ол осы жағдайда Қазақстан алдын ала «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы бағдарламасын жасады, оны жүзеге асыруға Ұлттық қордан қаражаттар бөлініп отыр, деп атап өтті. Ол ірі инфрақұрылымдық жобаларды құруға, ШОБ-ты дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға және ашуға бағытталған.
М.Жұрыновтың айтуынша, бұл стратегияның маңызды сәттерінің бірі Қазақстанның «құрғақтағы ел мәртебесінен сытылып», Парсы шығанағына теміржол тартуы, ол ел үшін жылы теңіз жолына есік ашады және мұз қатпайтын теңіздер арқылы жыл бойы өз тауарларын ілгері жылжытуға мүмкіндік береді.
«Сонымен бірге Қазақстан ҮИИД МБ екінші басжылдығын орындауға кірісті. Бүгінде елімізде жаңа өндірістермен қатар Өскеменде, Жезқазғанда, Балқашта, Павлодарда, Қарағандыда индустрияның ту ұстаушылары жұмыс жасайды. Әлемдегі күрделі халықаралық жағдайға қарамастан, Қазақстанда тұрақтылық, қоғамдағы бейбітшілік пен келісім сақталуда», - деп мәлім етті ҚР ҰҒА басшысы.