ҚР Үкімет басшысы «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-да болды
ПАВЛОДАР. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-да болды. Кәсіпорын автокөліктерге арналған жанармай, «ТС-1» маркалы реактивті қозғалтқыштарға арналған жанар-жағармай, дизель отынын, мазут, мұнай коксын, құрылысқа, жол салуға, оқшаулауға арналған битум, коммуналдық-тұрмыстық бағыттағы газ шығарумен айналысады.
Ағымдағы жылдың тамыз айында зауытқа октанды жоғарылататын N-метиламилин қоспалар желісі тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілген болатын, жобаның мақсаты АИ-92, АИ-95 маркалы жоғары сапалы жанармай шығару деңгейін жоғарлату, соның есебінен АИ-80 маркалы төменоктанды жанармай мөлшерін азайту болып табылады.
Октан жоғарылататын N-метиламилин қоспалар желісінің құрылысына кеткен жалпы қаражаттың мөлшері 350 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорында 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді.