ҚР Үкіметі аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидаларын бекітті

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды ресми БАҚ.

ҚР Үкіметі аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидаларын бекітті

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №725

2012 жылғы 1 маусым,  Астана, Үкімет Үйі

Аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидаларын бекіту туралы

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 8-бабының 24-6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
К.МӘСІМОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 1 маусымдағы №725 қаулысымен бекітілген
Аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және аңшылықта пайдаланылатын және қолда ұсталатын аушы жыртқыш құстарды есепке алу және тіркеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстар - аңшылықта пайдаланылатын бүркіт, сұңқар және қырғи;
2) қысқа мерзімді қолда ұстай тұру - аушы жыртқыш құстарды 10 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қолда ұстай тұру;
3) паспорт - аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы (бұдан әрі - қауымдастық) дайындайтын аушы жыртқыш құстардың тұрақты түрде қолда ұсталуының заңдылығы мен оның тіркелуін куәландыратын құжат.
3. Қазақстан Республикасының аумағында қолда ұсталатын, аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстар үш айға дейінгі мерзімге уақытша әкелінген немесе қысқа мерзімді уақытша қолда ұстауда тұрған құстардан басқа, қауымдастықта есепке алынуға және тіркелуге жатады.
2. Аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алуды жүргiзу және тiркеу тәртібі
4. Аңшылықта пайдаланылатын аушы жыртқыш құстарды есепке алу мен тіркеу жүргізуді қауымдастық жүзеге асырады.
5. Аушы жыртқыш құсты есепке алу және тіркеу үшін:
1) аушы жыртқыш құстың түрі, оның жынысы, туған жылы, қолда ұсталу мақсаты, қолда ұстаудың болжамды кезеңі, аушы жыртқыш құстың сатып алынған жері және тәсілі, сақиналарының немесе микрочиптерінің болуы, өтініш берушінің паспорттың деректері мен мекенжайы көрсетілген, осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жеке немесе заңды тұлғаның өтініші;
2) аушы жыртқыш құстың сатып алыну заңдылығын растайтын құжаттар (алуға рұқсаттың, сатып алу-сату шартының, түбіртектің және (немесе) төлем құжатының көшірмелері) және бұрынғы иесінің атына ресімделген аушы жыртқыш құстың паспорты;
3) аңшы куәлігінің көшірмесі;
4) жеке тұлғаның жеке куәлігінің немесе паспортының және (немесе) заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі беріледі.
6. Қолда ұсталған және шыққан жерінде тұратын аушы жыртқыш құстардың паспорттарын ресімдеу дүниеге келген күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін, бірақ олармен аң аулау басталудан кешіктірілмей жүргізіледі.
7. Қауымдастық аушы жыртқыш құстар түрінің (жынысының, жасының) сәйкестігін және олардың сипаттамасын, оларға салынған ендерді, аушы жыртқыш құстарды бағып-күту жағдайының болуын тексереді. Аушы жыртқыш құстар тұрақты түрде қолда ұстау үшін алынбайтын сақиналармен немесе микрочиптермен белгіленуі тиіс.
8. Аушы жыртқыш құстарда ен болмаған жағдайда қауымдастық микрочиптермен ен салуды ұйымдастарды.
9. Аушы жыртқыш құсты тіркеу ол заңсыз олжаланған немесе сатып алынған жағдайларда жүргізілмейді.
10. Аушы жыртқыш құстың осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ресімделген паспортын қауымдастық өтініш тіркелген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде береді.
11. Әрбір аушы жыртқыш құсқа, осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аушы жыртқыш құсты есепке алу карточкасы толтырылады.
12. Аушы жыртқыш құс пен оның иесі туралы мәліметтер осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аушы жыртқыш құстарды тіркеу журналына енгізіледі.
13. Тіркелген аушы жыртқыш құс аңшылық үшін пайдаланылған жағдайда аушы жыртқыш құстың түрі, сақинаның немесе микрочиптің нөмірі, паспортының нөмірі көрсетіліп, аңшы куәлігіне жазба жүзеге асырылады.
14. Аушы жыртқыш құс табиғатқа жіберілген жағдайда жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ведомстволық уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері мен қауымдастық өкілдерінің қатысуымен иесінің тұрғылықты жер бойынша аушы жыртқыш құсты босату туралы акт жасалады.
15. Аушы жыртқыш құс жоғалып кеткен және өлген жағдайда оның иесі 3 (үш) жұмыс күнi ішінде өзі тиісті акт ресімдейді және оны қауымдастыққа есептен алу үшін береді.
16. Аушы жыртқыш құс иесінің тұрғылықты жері ауысқан немесе иесі ауысқан жағдайда оның иесі осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес 5 (бес) жұмыс күні ішінде мекенжайды өзгерту және (немесе) паспортты қайта ресімдеу үшін қауымдастыққа құжаттар береді.
17. Осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен ресімделмеген аушы жыртқыш құстар заңсыз олжаланған болып есептеледі.

Аңшылықта пайдаланылатын аушы  жыртқыш құстарды есепке
алуды жүргiзу  және тiркеу қағидаларына қосымшалар республикалық БАҚ-ның беттерінде жарияланған.