09:59, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Үкіметі «Самұрық-Қазына» қоры арқылы «Альянс банктің» 76 пайыз қарапайым акциясын сатып алады
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық банкі, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттігі және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының «Альянс банк» АҚ қатысты бірлескен іс-қимыл туралы қаулысы қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Альянс банкінің» ірі акционері болып табылатын «Сеймар Альянс» қаржылық корпорациясы өзіне тиесілі 76 пайыз қарапайым акцияны «Самұрық-Қазына» қорына символдық баға ? 100 теңгеге сатып алуды ұсынды. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» қоры бұл ұсынысты қарап жатыр. Ал жалпы айтқанда, шағын және орта бизнесті дамыту Үкіметтің басты мақсаттарының бірі болғандықтан да «Самұрық-Қазына» қоры «Альянс банкі» АҚ инфрақұрылымын шағын және орта кәсіпкерлікті тиімді қаржыландырудың тұғырнамасын құруға оңтайлы ретінде қарайды», деді жиын барысында Үкімет басшысы К. Мәсімов.
Премьер-Министрдің айтуына қарағанда, банктің төлем қабілетін қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» қоры «Альянс банктің» Ұлттық банктегі корреспонденттік есеп-шотына 200 млн. доллар қаражат аударған. Сондай-ақ Ұлттық банк «Альянс банк» АҚ төлем қабілетін қолдауға қажетті қысқа мерзімдік қарыз беруге әзір болып отыр.
«Осы шара тиісті келіссөз негізінде жүргізілгендіктен, әрі негізгі акционердің бастамасымен жүзеге асатындықтан банкті мемлекеттендіру болып табылмайды. Бұндай қадамдардың нәтижесінде банк құрайтын барлық 4 қаржылық жүйе мемлекеттік қолдауға ие болады. Сондықтан да еліміздегі заңды және жеке тұлғалардың барлығы 4 жүйе құрушы банктің аяғынан мығым тұрғанына сенімді болулары керек», деді К. Мәсімов.