ҚР Үкіметі жалдамалы баспана бойынша ай сайынғы жұмыс жоспарын бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінде жалға берілетін баспана бойынша ай сайынғы жұмыс жоспары бекітілді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев айтты.

ҚР Үкіметі жалдамалы баспана бойынша ай сайынғы жұмыс жоспарын бекітті

«Біз жалға берілетін баспананың ай сайынғы жоспарын бекіттік. Сондықтан селекторлық отырыстарды жиі өткізетін боламыз. Біздің қойып отырған талаптарымыз - бағдарлама бойынша қандай компания қандай қалада құрылыс басталатынын анықтап алу қажет және олар бірінші және бесінші қабаттарды салып болған соң пәтерлердің кілтін бірден тапсырады. Мұның барлығы жоспарда толық бекітілген. Селекторлық отырыстарда біз өңірлермен бірлесе отырып, осы мәселелерді қадағалайтын боламыз. Ең басты талап - халық алдындағы есеп. Егер де қандай да бір кемшілік шықса, барлық жұмысымыз еш кетеді», - деп түсіндірді Б. Сағынтаев депутаттардың сұрағына жауап беру барысында.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй салуға бөлінетін бюджет қаражат молайтылды.

«2014 жылы республикалық бюджеттен жалдамалы тұрғын үйге 35,9 млрд. теңге бөлінген болатын. Олар толық игерілді. Бұдан бөлек, биыл аяқсыз қалған құрылыстарды салып бітіруге қосымша 14 млрд теңге қарастырылып отыр. 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй салуға 92,5 млрд теңге бөлінген, олар толығымен игеріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Біз тек тұрғын үйлерді салып қана қоймай, салынған үйлерді де сатып аламыз. Биыл Астана, Алматы және Қостанай қалаларында 2157 пәтер қолданысқа беріледі. Шымкент пен Ақтөбеде - 1222 пәтер беріледі. Ең алғашқылардың бірі болып, Қызылорда мен Көкшетауда шамамен сәуір айында пәтерлер беріле бастайды. Дегенмен құрылыс жүргізетін компанияларға деген қадағалау өте күшті болады», - деп түйді Б. Сағынтаев.