ҚР Үкіметінің қаулысымен Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу ережелері бекiтілді
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің қаулысымен 2011 жылдың 25 қазанынан №1206 бұйрығымен Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу ережелері бекiтілді.
***
Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу ережелерін бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу қағидаларын бекiту туралы«Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргiзу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2011 жылғы 25 қазандағы №1206 қаулысымен бекітілген
Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) астық қабылдау кәсiпорны - меншік құқығында астық сақтау жүзеге асырылатын астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пунктi) бар заңды тұлға;
2) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару (бұдан әрі - уақытша басқару) - астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында оларға қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да iс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлеп жүргізу;
3) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қоры - астық қабылдау кәсiпорындарының өздерi берген астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;
4) астық қолхаты - астық иесiнен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсiпорны беретiн қоймалық қосарлы куәлiк;
5) астық қолхатын ұстаушы - астық иесi, астық қолхаты бойынша индоссамент жасалған жағдайларда - индоссат;
6) уақытша басқару жөнiндегi комиссия - уәкілетті органның, облыстың жергілікті атқарушы органының, астық қабылдау кәсiпорнының, сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың, астық қабылдау кәсіпорны қатысуға шарт жасаған астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) өкілдерін қамтитын алқалы орган;
7) уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде астық нарығын реттеу салаласындағы бақылау және (немесе) іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомствосы.
3. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия және уақытша әкiмшiлiк уақытша басқаруды жүргізу кезінде астық қабылдау кәсіпорнында технологиялық операциялардың толық циклын өткізуді және астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді.
4. Уақытша басқаруды жүргізу кезінде уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) осы Қағидаларда анықталған мерзімнен аспайтын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қажетті шараларды қолдануды қамтамасыз етеді.
2. Уақытша басқаруды енгізу үшін негіздер
5. Уәкілетті органның дербес қабылдаған шешiмi бойынша не астық қолхаттарын ұстаушылардың өтініші бойынша астық қабылдау кәсiпорны мынадай негiздемелердiң бiрi:
1) астық сақтау жөнiндегi шарттық мiндеттемелердің үнемi тиісінше орындалмауы;
2) астық қолхаттарымен қамтамасыз етiлген астық мөлшерiнiң астық қабылдау кәсiпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерiнен асып кетуі бойынша ғана уақытша басқаруға берiлуi мүмкiн.
3. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібі
6. Аумақтық бөлімше уақытша басқаруды енгізу үшін негіз болатын фактілер анықталған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде:
1) уәкілетті органға астық қабылдау кәсiпорынын тексеру актісін және (немесе) астық қолхаттарын ұстаушылардың өтінімдерін (олар болған кезде) қосып, уақытша басқаруды енгізу үшін негіздердің бар екені туралы қорытындысы бар уақытша басқаруды енгiзу туралы ұсынымды факсимильді байланыс арқылы (кейін түпнұсқасын жіберуімен) жолдайды;
2) астық қабылдау кәсiпорнына, астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорына (қорларына) және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың бәрiне ұсыныс жіберілген мерзімнен бастап күнтізбелік үш күн ішінде мұндай ұсынысты алу фактісін және жіберу фактісін растайтын тәсілмен уақытша басқару жөнiндегi комиссияның құрамына кандидатуралар беру туралы ұсыныс жiбередi.
7. Осы Қағидалардың 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіздердің бар екені туралы аумақтық бөлімшенің қорытындысын алған кезде уәкілетті орган аумақтық бөлімше ұсынған құжаттардың көшірмесін бір уақытта құқық қорғау органдарына қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін анықтауға береді.
8. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жеке және заңды тұлғалар кандидатура ұсынбаған не олар ұсынудан бас тартқан жағдайда аумақтық бөлімше уақытша басқару жөніндегі комиссияны дербес қалыптастырады.
Уақытша басқару жөніндегі комиссияның дербес құрамы бойынша ұсынысты аумақтық бөлімше уақытша басқаруды енгізу туралы ұсыным жіберілген күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде уәкілетті органға береді.
9. Уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы ұсынымды алған кезден бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiм қабылдайды, онда мыналар:
1) астық қабылдау кәсiпорнының атауы, орналасқан жерi мен мекенжайы;
2) уақытша басқаруды енгiзу үшiн негiздеме;
3) уақытша басқарудың қолданыла бастауы және мерзiмi;
4) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау мақсатында астық қабылдау кәсiпорнының қызметiне қойылатын шектеулердiң тiзбесi;
5) бес адам тұратын уақытша басқару жөнiндегi комиссияның дербес құрамы, олар: астық қолхаттарын ұстаушылар - 1, астық қабылдау кәсіпорнының өкілдері - 1, астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорынан (қорларынан) - 1, уәкілетті органнан немесе аумақтық бөлімшеден - 1, облыстың жергілікті атқарушы органынан - 1;
6) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару режимiндегi астық қабылдау кәсiпорнының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы жөнiнде есеп дайындап, бұл құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке табыс ету туралы және сол астық қабылдау кәсiпорны берген астық қолхаттарын ұстаушыларға уақытша басқарудың енгiзiлуi жөнiнде мiндеттi түрде хабарлау туралы нұсқама болуы тиiс.
10. Уақытша басқаруды енгізу туралы уәкілетті органның шешіміне мүдделі тұлғалар сот тәртiбiмен шағым жасайды. Аталған шешiмге шағым жасау уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмнiң қолданылуын тоқтата тұрмайды.
11. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уәкілетті орган уақытша басқаруды енгiзу туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде:
1) уақытша басқару жөнiндегi комиссияның төрағасының кандидатурасын анықтайды және оны бекітуге уәкiлеттi органға жолдайды;
2) астық қабылдау кәсіпорнына қызмет етуші банктің мекенжайына астық қабылдау кәсіпорнының шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жiбереді.
12. Аумақтық бөлімше уәкілетті орган уақытша басқаруды енгiзу туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде астық қабылдау кәсiпорнының қаражаты есебінен республикалық, облыстық маңызы бар кемiнде екi газетте мемлекеттік және орыс тілінде:
1) уақытша басқаруды енгізу туралы шешімді;
2) астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысында астық қолхаттарын ұстаушылардың қатысу құқығы туралы хабарламаны жариялайды.
13. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы шешім жарияланған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкiмшiлiктің құрамына өкілдерді сайлау үшін астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкiмшiлiктің құрамын бекітеді.
14. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
1) астық қабылдау кәсiпорнын басқару жөнiндегi барлық өкiлеттiк уақытша әкiмшiлiкке көшедi;
2) құрылтайшылардың (акционерлердiң) астық қабылдау кәсiпорынын басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатыла тұрады;
3) астық қабылдау кәсiпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерiнің өкілеттiгi тоқтатыла тұрады;
4) уақытша әкiмшілiкке айтпай және оның жазбаша келiсiмiнсiз астық қабылдау кәсіпорнының атынан және соның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
15. Уақытша әкiмшiлiк:
1) өз құзыретi шегiнде астық қабылдау кәсіпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша дербес шешiмдер қабылдайды;
2) қажет болған жағдайда уақытша басқару кезеңіне астық қолхаттарынан туындайтын барлық талаптардың оларда көрсетілген астық көлемiнiң жиырма пайызына дейiнгi мөлшерінде қанағаттандырылуын тоқтата тұрады;
3) астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттары бойынша оның мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттар жасасып, құжаттарға қол қояды;
4) астық қабылдау кәсіпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, оның iшiнде сотта да, жүзеге асырады;
5) астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiншi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қояды;
6) егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын және олардың бөліктерін ұстаушылардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру келісімін жасаған болса, сақтандыру компаниясына астық қолхаттарын ұстаушылардың сақтандыру төлемдерін төлеуді жүзеге асыру туралы талап қояды;
7) астықтың сақталуына байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыларды тартады;
8) астық қабылдау кәсiпорынын уақытша басқару кезеңіне өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады.
16. Мөрлер, мөртабандар, бланктер, құнды заттар, үй-жайлар мен сейфтердің кілттері, астық қабылдау кәсіпорнының құжаттамасы, құрылтайшылық, құқық белгілеуші және тіркеу құжаттарының түпнұсқалары еркін нысандағы қабылдап алу-беру актісі бойынша уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізген күнінен бастап үш күнтізбелік күн өткен соң уақытша әкiмшiлiкке беріледі.
17. Балансқа енгізілген немесе енгізілмеген уақытша басқару режимiндегi астық қабылдау кәсіпорнының барлық мүлкі уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізген күнінен бастап үш күнтізбелік күн өткен соң түгенделеді. Балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көрсетіліп, кейін балансқа енгізілуі тиіс.
18. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия:
1) уақытша әкiмшiлiкке астық қабылдау кәсiпорынын уақытша басқару кезеңiндегi қызметтiң негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар береді;
2) уақытша әкiмшiлiктен оның қызметi және астық қабылдау кәсіпорнының қызметі туралы ақпарат берудi талап етеді;
3) уақытша әкiмшiлiктiң жұмыс жоспарын бекітіп, атқарылған жұмыс туралы есебiн тыңдайды;
4) уақытша басқарудың мерзімін оны енгізген себептер жойылмаған жағдайда бір жылдан аспайтын мерзiмге ұзартады;
5) уақытша әкiмшiлiктің қорытынды есебін бекітеді, және уәкiлеттi органға уақытша басқаруды аяқтау туралы ұсыныс енгiзеді.
4. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның және уақытша әкімшіліктің жұмыс тәртібі
19. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия ондағы жалпы дауыстар санының кемiнде үштен екiсiн иеленетiн өкiлдер қатысқан жағдайда шешiм қабылдауға құқығы бар.
20. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның отырысы қажет болғанда ғана жүргізіледі.
21. Уақытша әкімшіліктің негізгі қызметінің бағыттары туралы уақытша басқару жөнiндегi комиссияның шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады, хаттамамен ресiмделедi, оған комиссияның төрағасы, мүшелерi қол қояды.
22. Егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын орындау жөніндегі кепiлдiк беру қорының (қорлардың) қатысушы болмаған жағдайда шешім қабылдаған кезде уақытша басқару жөнiндегi комиссиядағы өкiлдердiң дауыстары пайыздық қатынаста былайша бөлiнедi:
1) астық қолхаттарын ұстаушылар - елу пайыз;
2) астық қабылдау кәсіпорны - жиырма бес пайыз;
3) уәкілетті орган - жиырма бес пайыз.
Астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын орындау жөніндегі кепiлдiк беру қорында (қорларында) қатысқан жағдайда шешім қабылдаған кезде уақытша басқару жөнiндегi комиссиядағы өкiлдердiң дауыстары пайыздық қатынаста былайша бөлiнедi:
1) астық қолхаттарын ұстаушылар - жиырма бес пайыз;
2) астық қабылдау кәсіпорны - жиырма бес пайыз;
3) уәкілетті орган - жиырма бес пайыз;
4) астық қолхаттарын орындау жөніндегі кепiлдiк беру қоры (қорлары) - жиырма бес пайыз.
5. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібі
23. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару мынадай негiздемелер:
1) уәкілетті органның шешiмiмен белгiленген уақытша басқару мерзiмiнiң аяқталуы;
2) уақытша басқарудың мерзiмiнен бұрын аяқталуы туралы уәкілетті органның шешiм қабылдауы;
3) соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша тоқтатылады.
24. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себептердiң жойылуына байланысты тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату) осы астық қабылдау кәсіпорнына қатысты уәкілетті орган немесе уақытша әкiмшiлiк белгілеген барлық шектеулердің күшін жоюға әкеп соғады.
25. Егер астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындау қабiлетiн қалпына келтiруге жеткiзбесе, уәкілетті орган:
1) астық қолхаттарын беру арқылы қоймалық қызметін жүзеге асыру құқығына астық қабылдау кәсіпорнын лицензиядан айыру туралы облыстың тиісті жергілікті атқарушы органына ұсыныс енгізеді;
2) астық қабылдау кәсiпорнын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз беруге бастама жасайды.