ҚР үкіметінің жаңа командасы жасақталып, жаңа жұмыс кезеңі басталды

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Премьер-Министрден бастап, бірқатар Үкімет мүшелерін тағайындады.

ҚР үкіметінің жаңа командасы жасақталып, жаңа жұмыс кезеңі басталды

Мемлекет басшысы ел Конституциясына сәйкес Мәжіліске Үкімет басшысы лауазымына кандидаттыққа Серік Нығметұлы Ахметовті ұсынды. ҚР Президентінің таңдауын халық қалаулылары бірауыздан мақұлдады, өйткені С.Ахметов атқарушы билікте де, бергілікті билікте де жұмыс істеп, ысылған маман болатын.

«Серік Ахметовтің ірі жоба­ларды іске асыру саласында бас­қарушылық-әкімшілік жұмыста зор тәжірибесі бар. Бұл біздің экономиканы әртараптандыру және индустрияландыру, әлеу­меттік жаңғырту бағытын жал­ғас­тыру үшін ерекше маңызды. Ол Үкіметтің бүгінгі жұмысын біледі және қазір іске асырылып жатқан бағдарламаларды дайын­дауға атсалысты. Ол бұрынғы қызметтерде өзін жақсы қырынан көрсетті. Серік Ахметовтің кан­ди­датурасы жаңа Үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ең қолайлы деп санаймын. Қазақ­стан Республикасы Конституция­сы­ның 56-бабына сәйкес Парламент Мәжілісінен Серік Ахметовті Қазақстан Республика­сы­ның Премьер-Министрі қызме­тіне тағайындауға келісім беруді сұраймын», - деді Қазақстан Президенті Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Бұл тағайындауды халық қалаулыларымен қатар қазақстандық  қоғам да құп алды. Себебі, С.Ахметов әр кезде де  әлеуметтік салаға зор көңіл бөлді. Мәселен, ол Қарағанды облысының әкімі болып тұрған кезеңде өңірде көптеген әлеуметтік нысандардың бой көтеріп, халық игілігіне айналғандығы баршаға мәлім. Бұдан бөлек ол әлеуметтік мәселелерді шешуге жеке бизнестің тартылуына да зор ықпал еткен-ді. Біздің елімізде мемлекеттік-жеке әріптестіктің қалыптасуы мен дамуының да бастауында дәл осы С.Ахметов тұрған болатын әрі Қарағанды облысында Мемлекеттік-жеке әріптестіктің өңірлік орталығы құрылған еді. Соның арқасында әлеуметтік салаға, инфрақұрылымдарға, денсаулық сақтау, спорт ісіне, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға барынша мол қаржы тартылып, қарқынды дами түскен-ді. Сонымен қатар ол Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекетттік бағдарламасы басталғанда да басы-қасында болып, жаңа жобалардың жүзеге асырылуына мұрындық бола белді. Оның қатысуымен мыңдаған жұмыс орындары бар бірнеше кәсіпорындар салынды. Бұл ретте айта кетерлігі, 2012 жылы Қарағанды облысының Қазақстандағы, сонымен қатар ТМД кеңістігіндегі барынша қарқынды дамушы субъект болып танылуда тосын емес. С.Ахметовтің өңірдегі бұл жұмысына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев зор бағасын берген болатын.

С.Ахметов Көлік және коммуникация министрі болған кезде Қазақстанның Көлік стратегиясын жүзеге асыру бағытында барынша тыңғылықты іс атқарды. Оның басшылығымен 2008 жылы темір жол саласын реформалау бағдарламасы қабылданды. «Астана-Щучье» автобанының құрылысы аяқталып, Қазақстандағы ең бірінші жартылай жүк вагондарының құрылысы іске қосылды. Ал ұлттық авиапарк жаңа ұшақтармен толықты. С.Ахметов кезеңінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы басталды.

Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметінде ол өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына зор көңіл бөлді. Оның басшылығымен моноқалаларды дамыту бағдарламасы әзірленді. 

Ендігі уақытта жаңа Премьер-Министрдің басшылығымен Үкімет бұған дейін қабылданған жоспарлар мен бағдарламаларды одан әрі жалғастырады деп күтілуде.

«Бүгінгі күннен бастап Үкімет мүшелері үшін жұмыстың жаңа кезеңі басталады. Біздерге Мемлекет басшысы тарапынан зор сенім артылды.  Сонымен қатар, тек қана маған емес, барлығыңызға да, өйткені Үкіметтің жаңа командасы жасақталды. Және де біздер Мемлекет басшысының осы зор сенімін ақтауымыз қажет», - деген еді С.Ахметов Үкіметтің алғашқы отырысында Министрлер кабинеті мүшелеріне қарата.

Бұған дейін Президент кеңесшісі лауазымын атқарып, өңірлердің әлеуметтік жаңғыруына басшылық жасап келген Қырымбек Көшербаев Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды. Оның еңбек жолында атқарған ең жоғары лауазымдары мыналар: Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрі, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімі. 

Экономикалық даму және сауда министрі қызметіне бұған дейін «ҚазИнвестБанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеген Ерболат Досаев тағайындалды. Ол коммерциялық банктерді басшылық қызметтер атқарып, АТФ банкі басқармасының төрағасы болған. Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, қаржы вице-министрі, Қазақстан даму банкі Директорлар кеңесінің төрағасы, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы, Қаржы министрі, Денсаулық сақтау министрі лауазымдарын атқарған.

Экономикалық даму және сауда министрлігінің жаңа басшысын ұжымымен таныстырған Үкімет басшысы С.Ахметов оның жұмыс тәжірибесінің мол екендігіне ерекше тоқтала келе: «Мен  министрліктің алдына жүктелген міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін барлық күш-жігеріңіз бен біліміңізді салып қызмет етеді деп сенемін. Оның үстіне елдің макроэкономикасымен, стратегиялық даму мәселелерімен айналысып, біздің еліміздегі барлық дерлік даму бағдарламаларына сараптама жасайтын Экономикалық даму және сауда министрлігінің алдына жүктелген міндеттер де ауқымды.  Мен сіз басшылық жасайтын министрлік шын мәнінде Қазақстан Үкіметіндегі орталық буынға айналуы тиіс деп ойлаймын», - деді.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып Серік Әбденов жұмысқа кірісті. Жаңа министрді ұжымымен таныстырған Премьер-Министрдің атап өтуінше, ол ең жолын Әділет министрлігінің бас маманы болып бастап, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры, вице-министрі болған. Сонымен қатар соңғы уақытта Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып, өңірмен жұмыс істеуге мол тәжірибе жинаған.

Бұған дейін Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды. Оны СІМ ұжымымен Мемлекет басшысы Н.Назарбаев таныстырды. «Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрлігінің басшылығында бұрын жұмыс істеді, сондай-ақ көп жыл Лондонда және Вашингтонда елші болды, осы уақытта мол тәжірибе жинады. Енді сол тәжірибесін халық пен елдің игілігі үшін пайдалану қажет», - деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы экономикалық мәселелерді шешуге ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар нақты экономикалық байланысымыз, мүддеміз бар елдердегі елшіліктердің жұмысын күшейту керектігіне баса назар аудартты.

2010 жылдан бері Қарағанды қаласының әкімі болып келген Бауыржан Әбдішев Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болып тағайындалды. Ол сондай-ақ Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Әлеуметтік-экономикалық бағдарламалары мониторингілеу департаментінің директоры болған.