ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті лаңкестік қауіптілікке байланысты тұрғындарды қырағы болуға шақырады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Қазақстанда лаңкестік қауіптіліктің «сары» деңгейінің бекітілуіне байланысты, тұрғындарды қырағы болуы және тәртіп сақшыларының тексеру жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырды.
«5-6 маусым аралығында Ақтөбе облысында содырлардың көзін жою бойынша лаңкестікке қарсы операция жүргізіліп жатыр. Орын алған жағдайға байланысты, лаңкестікке қарсы күрес бойынша Республикалық жедел штабтың жетекшісі - ҚР ҰҚК төрағасы, генерал-лейтенант Владимир Жұмақанов Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы мен Астана қалаларында 40 күнге лаңкестік қауіптіліктің орташа «сары» деңгейін бекітті», - делінген ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің бүгінгі хабарламасында.
Бұл шешім ҚР Президентінің 2013 жылы 9 тамыздағы №611-ші Жарлығымен бекітілген, ақпараттарға мемлекеттік мониторинг жасау және лаңкестік қауіптіліктің туындауы туралы тұрғындарды хабардар ету жүйесін ұйымдастыру және жүзеге асыру Ережесінің 4-ші тарауына негізделді. Сонымен қатар, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті тұрғындарды қырағылыққа шақырды.
«Мемлекеттік органдардың жүргізіп жатқан жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қараусыз қалған заттарға (сөмкелер, қораптар, түйіншектер, қаптар, шабадандар және басқа да заттар), әсіресе сымдары және техникалық құрылғылары бар заттарға, сондай-ақ, қоғамдық орындарда және көліктерде күдік туғызған адамдарға назар аудару қажет. Күдікті заттарға жақындауға болмайды. Әсіресе, бейтаныс адамдар ұсынған күдікті заттарды сақтаудан және тасымалдаудан бас тартқан абзал.
Тәртіп сақшыларының құжат тексеру бойынша жүргізген жұмыстарына түсіністікпен қарауға және оларға көмек көрсетуге шақырамыз. Үрейге бой алдырмаңыздар және мемлекеттік органдардың ресми ақпаратын ғана басшылыққа алу керек», - делінген хабарламада.