ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «КТК» командасы А.Масляковпен кездесіп, халықаралық одаққа қосылу мәселесін талқылайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың қаңтар айында Ресейдің Сочи қаласында халықаралық «КиВиН-2015» фестивалі болып өтті. Оған ТМД және шетелдерден барлығы 500-ге жуық команда қатысты.
Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Ал біздің елімізден Шекара академиясының «Совершенно секретно» командасы полковник Серік Бисекеевтің басшылығымен қатысып, жүлделі орынмен оралды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.
«Шекара академиясының командасы мұндай фестивальға дайындықты бұдан бірнеше жыл бұрын бастаған болатын деп айтуымызға болады. Мұндай мақсатқа жету үшін подполковник Дәурен Белғожиновтың басшылығымен талай репетициялардың өткендігін біреу білер, біреу білмес», делінген хабарлмада.
«Аталған фестивальға қатысу үшін команда жинау, басқа да дайындықтар жүргізуге бас-аяғы екі айдай уақыт өтті. Әрине, біздің команда бұған дейін де Сочи сахнасында өнер көрсетіп жүрген болатын. Дегенмен, әр кезеңдегі фестивальдің жөні бөлек, әрі команда құрамасына жаңадан мүшелер қосылып жатады. Сондықтан, дайындық мәселесіне қашанда терең мән беру жағы ескеріліп жатады. Оның үстіне «Совершенно секретно» командасы қазақстандық әскери жастар арасындағы бірден-бір команда», - дейді подполковник Дәурен Белғожаев.
Фестивальдің қорытындысы өтіп болмай жатып, «Совершенно секретно» командасы келесі фестивальға шақырту алып үлгерді. Ол да халықаралық фестиваль. Атап айтқанда, 27 қаңтарда елге аяқтары жетпей жатып, 10 ақпанда қайтадан келесі іссапарға Ресей астанасы Мәскеуге сапар шегулеріне тура келіп тұр. Бұл жолы оларды Халықаралық көңілді, тапқырлар клубы халықаралық одағының президенті А.В.Масляков пен «АМИК» ЖШС бас директоры А.А. Масляков қабылдап, команданың халықаралық одаққа қосу мәселесін қарастыратын болады.
Әкелі-балалы «квнщиктердің» қолдауына ие болса, онда Мәскеу мен Мәскеу маңы қалаларының лигасына және Жоғары телевизиялық лигаға жолдама алатын болады. Әрине, мұндай фестивальдар Бірінші телеарнадан көрсетіліп, ол ойынды әдеттегідей Александр Васильевич Масляков пен оның баласының жүргізетіндігін жұртшылық жақсы біледі.