ҚР ҰҚК төрағасының орынбасарлары тағайындалды

Бұл туралы ҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бұл қызметтерге генерал-майор Нұрғали Дәулетбекұлы Білісбеков пен полковник Самат Сатыбалдыұлы Әбіш тағайындалды.
«ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары генерал-майор Өсер Елеусізұлы Мизанбаев ҰҚК-нің Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы болып тағайындалды», - делінген таратылған хабарда.
Н.Білісбеков 1962 жылы дүниеге келді. Қазақ химия-технология институтын, КСРО МҚК-нің Жоғарғы курстарын, қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдады. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы, ҚР ҰҚК экономикалық қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары, бастығы, ҰҚК төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы қызметін атқарды.
С.Әбіш 1978 жылы дүниеге келді. ҚР ҰҚК Академиясы мен РФ Сыртқы барлау қызметінің академиясын тәмамдады. Әр жылдары ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап ҚР ҰҚК кадрлар департаментінің бастығы.
Ө.Мизанбаев 1959 жылы дүниеге келді. Р.А.Руденко атындағы Свердлов заң университетін, КСРО Мемлекетттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы курстарын тәмамдады. ҚР ҰҚК төртінші департаменті бастығының бірінші орынбасары, бастығы қызметтерін атқарды. 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап ҰҚК төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.