ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада Дәулеткерей Шығайұлының 190 жылдығына арналған музыкалық-танымдық кеш өтті

СТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада белгілі күйші, композитор Дәулеткерей Шығайұлының туғанына 190 жыл толуына арналған «Құдырет рухын күй тілімен кестелеген Бапас баба» атты музыкалық-танымдық кеш өтті,

ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада Дәулеткерей Шығайұлының  190 жылдығына арналған музыкалық-танымдық кеш өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ Ұлттық өнер университеті домбыра кафедрасының меңгерушісі, Дәулеткерей күйлерін зерттеуші ғалым Орынбай Дүйсеннің айтуынша, күй өнерінің атасы Дәулеткерей Шығайұлы халық арасында үлкен құрметке, ілтипатқа ие болып, оған Бапас деген есім берілген. Д.Шығайұлы төре тартыстың негізін салған күйші.

Кеште «Дәулеткерей және Салық Бабажанов», «Дәулеткерей - суреткер күйші» тақырыптары қамтылып, күйлері орындалды.

Күйші Дәулеткерей 1820-21 жылдар шамасында бұрынғы Бөкей ордасындағы Қарамола деген жерде дүниеге келген. Ол жөніндегі көптеген ақпарат Ахмет Жұбановтың ерен еңбегінің арқасында қайта оралды. Дәулеткерей домбыра тартуды Мүсірәліден үйренеді. Ол орыстың балалайкасында, гитара мен мандолинада да шебер ойнаған. Оның ең әуелгі шығармаларының бірі Ақбала атты сұлу қызға арнаған «Ақжелең» күйі. Ал «Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ысқырма», «Қосішек» сынды күйлері өмірдегі түрлі көріністерді суреттейді. Халқының тағдыры үшін терең толғанып, тебіренген үздік күйлері - «Топан» және «Жігер». «Жігер» күйі Дәулеткерейдің шығармашылығының шырқау шыңы.

Д.Шығайұлы ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында өмірден озды. Замандастары мен шәкірттері қастерлеп жеткізген Дәулеткерейдің күйлері халқымыздың музыкасының алтын қорынан орын алды.