ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Дүниежүзілік кітап күні мен өзінің құрылған күнін ашық есік күнімен атап өтті

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сәуірдің 23-і - Дүниежүзілік кітап күніне орай, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласының кітапханашыларына арналған ашық есік күні өтті.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Дүниежүзілік кітап күні мен өзінің құрылған күнін ашық есік күнімен атап өтті

Сәуірдің 23-і - дүниежүзі кітапханашыларымен қатар, Академиялық кітапхана қызметкерлері үшін де айтулы дата, себебі осыдан 6 жыл бұрын атылмыш мәдени орталықты құру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шыққан болатын.

Бүгінде еліміздің бас кітапханасының 25 мыңға жуық оқырманы бар, олардың қолданысына 600 мыңға жуық кітап пен 5-мыңнан астам кітаптың электронды көшірмелері ұсынылып отыр.

ҰАК Ғылыми-талдау орталығы жетекшісінің орынбасары Қайыркен Нұралинованың айтуынша, ҚР Мәдениет министрлігінің кітапханаларды жетілдіру бағдарламасының аясында, бүгінде елдегі көптеген кітапханалар заманауи техникалармен жарақтандырылды. Олардың қоры сатып алынған, сыйға тартылған, мемлекеттік тапсырыс және Мәдени мұра бағдарламасы шеңберінде шығып жатқан кітаптармен күннен-күнге толыға түсуде. Дегенмен бұл салада түйіткілдер де аз емес. Мәселен, қазір Қазақстанның бірде-бір жоғары оқу орнында кітапхана мамандығы факультеті жоқ. «Сондықтан мамандар тапшылығы мен оларды даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр», - дейді ол.

Ашық есік күндері кітапхана қабырғасында алғаш өткізілгенімен, елордалық кітапханашыларды жыл сайын жинап, тәжірибемен бөлісу мұндағы қалыптасқан дәстүр.

Мәселен, бүгін Қазақ ұлттық электронды кітапхананың қызметі мен оның деректер базасы, қашықтықтан тапсырыс беру жүйесі, кітаптарды оқырмандарға қысқа уақытта жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи қондырғы - телелифттің қызметі мен «ҚР ҰАК - Астана кітапханаларының әдістемелік орталығы» таныстырылып, шеберлік сабақтар өткізілді. Сондай-ақ шара барысында ҰАК шығара бастаған «Кітап патшалығы» атты журналдың тұсауы кесілді.