ҚР Ұлттық банкі айналымға 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арналған банкноталарды шығарады

АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қаңтар айының ортасында Қазақстанның Ұлттық банкі 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арналған банкноталарды айналымға шығарады. Бұл туралы бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов мәлім етті.

ҚР Ұлттық банкі айналымға 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арналған банкноталарды шығарады

Б.Тәжіяқов, үстіміздегі жылдың басында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай ҚР Ұлттық банкі 1000 теңге номиналмен 10 млн. банкнотаны шығарғанын еске салып, Қазақстан тарихында болғалы отырған елеулі оқиғалардың тағы бірі - 7-нші Қысқы Азия ойындардың құрметіне 1000 теңге номиналмен 20 млн. банкнота шығаратындығын атап көрсетті.

Оның сөзіне қарағанда, банкнота ЕҚЫҰ төрағалығына арнап шығарылған банкнотаға ұқсас болады, тек «Азиада - 2011» логотипімен. Жоспар бойынша банкноталар айналымға 17 қаңтар күні шығады.