ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 17 пайыз деңгейінде белгіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты жөніндегі техникалық комитеттің 2016 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен, 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап, базалық мөлшерлемені 17 пайыз деңгейінде белгіледі және +/- 2 пайыз болатын пайыздық мөлшерлемелердің симметриялық дәлізімен тұрақты қол жеткізу операцияларын қайта жандандыратын болады.

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 17 пайыз деңгейінде белгіледі

Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 19 пайызды және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 15 пайызды құрайды. Базалық мөлшерлемені белгілеу жөніндегі шешім макроэкономикалық көрсеткіштерді (ІЖӨ, инфляция) де, микроэкономикалық көрсеткіштерді (банктердің өтімділігін болжау) де болжау жүйесін жақсарту жөніндегі алдын ала жүргізілген талдау жұмысына негізделді және оны белгілеу теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының толыққанды режімі қалыптастырылғаннан кейін мүмкін болды.

«Соңғы айларда ҚР Ұлттық банкі жүйелі түрде ақша нарығындағы ахуалды тұрақтандыру шараларын қабылдауда. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақша-кредит саясатын жетілдіру жөніндегі жұмысының жалғасы болып табылады және ол бірінші кезектегі міндеттерді орындауға, атап айтқанда қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіруге және теңгенің теңгенің табыстылық ауытқымасын қалыптастыру үшін алғышарттар жасауға бағытталған. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің іс-қимылы теңгеге және банк секторына деген сенімді нығайтуға, сондай-ақ салымшылардың теңгемен ашылатын депозиттерді таңдауына бағытталатын болады. Депозиттерге қатысты саясат бұрынғысынша салымшылардың құқықтарын қорғау қағидаттарына негізделетін болады», - делінген мәлімдемеде.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әлемдік бағалар мен іргелі факторлар серпіні ескеріле отырып, шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатын теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының режімін ұстануды жалғастырады.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық пайыздық мөлшерлеме жөніндегі кезекті шешімі 2016 жылғы 14 наурызда жарияланатын болады.