ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердегі жұмыс істемейтін несиелерді азайту жұмысын бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі Мемлекет басшысының қаржылық жүйені тұрақтандыру, банк секторын стресс-тестілеу және банктердің теңгеріміндегі жұмыс істемейтін несиелердің деңгейін қысқарту бойынша тапсырмаларын жүзеге асыруға қатысты нақты іс-шараларды қолға алды. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті.

ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердегі жұмыс істемейтін несиелерді азайту жұмысын бастады

Оның айтуынша, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету - Ұлттық банктің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан Ұлттық реттеуші мұндай жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп келеді.

Мысалы, 2014 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы қорытынды есепте Ұлттық банк қамсыздандырылмаған несиелер бойынша несиелік тәуекелдің тым жоғары екендігін және жеке тұлғалардың салымдарына негізделген қор жинау базасына қатысты жоғары тәуекелділіктерді атап өтті.

Мұндай тәуекелдер жіті бақылауды талап етеді. Олардың жиынтықты әсері банктің өтемпаздығы мен меншікті капиталының азаюына әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты, ҚР Ұлттық банкі біріншіден, жеке тұлғалардың депозиттеріне негізделген қор жинау базасының қалыптасуына байланысты тәуекелдерді азайту, екіншіден жеке салымдарды тәуекелі жоғары несие берудің көзі ретінде қарастырмау жайындағы талаптарды енгізуді қарастырып жатыр.

Бұл шаралар халықаралық Базель комитеті бекіткен капитал бойынша халықаралық келісімнен бастау алады. Ал бұл, Ұлттық банк тарапынан екінші деңгейдегі банктердің капиталының екі деңгейлі қорғанысын қалыптастыруды талап етеді.

Бірінші деңгей жоғары тәуекелді несиелер бойынша базалық меншікті капиталдың жоғары деңгейін қалыптастыру, екінші, тұрғындардың салымдарының үлес салмағы жоғары болып саналатын банктердегі әртараптандырылмаған қор жинау базасына қатысты қадағалаушы үстемеақыны енгізу.

Бір сөзбен айтқанда, негізінен тұрғындардың салымдары негізінде тәуекелді несие берумен айналысатын банктерде жоғары меншікті капитал базасын қалыпастыру қаралуда.

О. Смоляковтың айтуынша, бұл шаралар банктердің тұрақтылығын арттырады.