ҚР Ұлттық Банкі VII Азия ойындарына арналған жаңа үлгідегі номиналы 2000 теңгелік ескерткіш банкноталарды айналысқа шығарады

Жаңа үлгідегі номиналы 2000 теңгелік ескерткіш банкнотаның таралымы 20 000 000 дананы құрайды. Өлшемі - 139х73 мм. Басым түсі - көкшіл-жасыл
Бет жағының басым бейнесі - тігінен. Орталық бөлігінде «Астана-Бәйтерек» монументі бейнеленген. Банкнотаның ортасында қою жасыл және көк жолақтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны ноталарының фрагменттері ақ түспен бейнеленген, осы жерге номиналдың сандық белгісінің контуры ақ сызықтармен жүргізілген. «Бәйтерек» монументінің сол жағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы алтын түспен бейнеленген. Жоғарғы оң жақ бөлікте Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы бейнеленген. Банкнотаның төменгі жағында ашық алақан және өзгермелі бояумен орындалған қар ұшқыны бейнеленген. Төменгі сол жағында номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгісі орналасқан. «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазуы төменде оң жағында тігінен орналасқан, оның үстінде жалған ақша жасау жауапкершілігін ескертетін «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген мемлекеттік тілдегі жазу орналасқан.
Сырт жағының басым бейне - көлденең. Негізгі бейне: тау аясындағы шаңғышы және VII Азия ойындарының символикасы. Төменгі сол жақ бөлігінде банкнота номиналының сандық белгісі, ал төменде ортада орыс тіліндегі әріптік белгі орналасқан. Жоғарыда ортасында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазуы және эмитент банктің логотипі басылған. Жалған ақша жасау жауапкершілігін ескертетін «Подделка банкнот преследуется по закону» деген орыс тіліндегі жазу ашық жердің жоғарғы сол жақ бұрышында орналасқан. Банкнотаның бүкіл өнбойында ашық орындарға қазақтың ұлттық ою-өрнегінің мотиві пайдаланылған.