ҚР Ұлттық банкіне сақтандыру нарығында бәсекелестікті қамтамасыз жөнінде тиісті нұсқау берілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті (монополияға қарсы орган) сақтандыру қызметі саласындағы заңнамалық актілерді тексеру нәтижелері бойынша автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру қызметтері нарығында бәсекелестікті шектейтін нормалардың бар екендігін анықтады.
Мысалы, 2016 жылғы 1 қаңтарынан бастап, «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соған сәйкес, енді жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, келтірілген залалды бағалау жұмыстарын сақтандыру компанияларының өздері жүргізетін болады. Ал бұған дейін, яғни өзгерістер енгізілгенге дейін, жол-көлік апатынан кейінгі көлік құралдарының залалын бағалауды бағалаушылар - тәуелсіз сарапшылар, жеке және заңды тұлғалар жүргізіп келген болатын.
Ал енді, аталмыш заңға өзгерістер енгізілген соң, сақтандыру ұйымдары Ұлттық банк басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен қабылданған нормативтік құқықтық актісі (көлік құралына келтірілген залал мөлшерін анықтау қағидасы) негізінде көлік құралына келтірілген залалды бағалауды өздері жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, осы заң бойынша автокөлік иелері сақтандыру ұйымдарының бағалау мөлшеріне көңілдері толмаған жағдайда ғана заңды тұлғаларға жүгіне алу құқығына ие. Ал жеке тұлғалардың қызметіне осы қолданыстағы заңмен мүлдем тыйым салынды.
Міне, осылайша, жол-көлік оқиғасынан кейін келтірілген зиянды бағалау нарығында бәсекелестіктің шектелгендігі анықталды. Ал бағалаушы жеке тұлғаларға жүгіну енді тіпті мүмкін болмай қалды.
Осыған байланысты, монополияға қарсы орган бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ұлттық банкіне аталмыш заңның, жол-көлік апатынан кейінгі көлікке келтірілген залалды бағалау нарығындағы бәсекелестікті шектейтін нормаларына қажетті өзгерістер енгізу туралы тиісті нұсқау берді.
Айта кетелік, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасынан кейін көлік құралына келтірілген зиянды бағалау бойынша аккредитацияға әзірге еліміз бойынша 319 тәуелсіз сарапшы ие болған (олардың ішінде заңды тұлғалардың саны - 212, жеке тұлғалар - 107.