ҚР Ұлттық банкінің «Ғарыш» топтамасы жаңа монеталармен толықты

Шеңбер пішіндес қос монетаның да бет және сырт жағында бейнелер мен жазулар бедерленген. Сырт жағының ортасында жер маңы орбитасындағы Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) бейнесі орналасқан және соғылған жылын білдіретін «2013» деп жазылған. Жоғарғы бөлігінде - ХҒС эмблемасы. Айналдыра мемлекеттік тілде «ХҒС», орыс тілінде «МКС» және ағылшын тілінде «INTERNATIONAL SPACE STATION» деген жазулар бар.
500 теңгелік биколорлы (құрамдас) монетабіріне бірі орналасқан сақинадан және дискіден тұрады. Монетаның ішкі дискі танталдан, сыртқы сақинасы күмістен жасалып, бейне жылтыр бетке орналастырылған. Бет жағының ортасында адамзат пен жаһанның бірлігін, өткен мен бүгінгінің байланысын білдіретін композиция бейнеленген. Оң жағында «500 ТЕҢГЕ» деген монетаның номиналы бар. Номиналдың астында Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металды, оның сынамын және салмағын білдіретін «Ag 925 14,6g», «Та 26,8g» деген жазу екі қатар етіп жазылған. Айналдыра мемлекеттік және ағылшын тілдерінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазу. Ал нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монетаның бет жағының ортасында адамзат пен жаһанның бірлігін, өткен мен бүгінгінің байланысын білдіретін композиция бейнеленген. Оң жағында «50 ТЕҢГЕ» деген монетаның номиналы бар. Сондай-ақ биколорлы монета сақинасының сынамы 925/1000, салмағы 14,6 грамм күмістен, дискі салмағы 26,8 грамм танталдан жасалған, диаметрі - 38,61 мм., «proof» сапасымен дайындалған, таралымы - 5 мың дана, қыры бедерлі. Ал «нейзильбер» қоспасынан жасалған монетаның диаметрі - 31 мм., массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 мың дана, қыры бедерлі.