ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің алқа отырысы өтті
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың төрағалығымен кеше ведомствоның алқа мәжілісі болып өтті.
Онда 2011 жылғы Қазғарыш ұйымдары қызметінің нәтижелері талқыланды және 2012 жылға арналған міндеттер айқындалды. Алқаның жұмысына Агенттіктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен ведомстволық ұйымдарының басшылығы қатысты.
Жиын барысында өткен жылы Қазғарыш ұйымдарымен ғарыш қызметі саласын жетілдіру жөніндегі ұйымдастырушылық және тәжірибелік шараларының кешені жүзеге асырылғандығы аталып өтті. Агенттік төрағасы Талғат Мұсабаев бірқатар нақты міндеттерді алға қойды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бөлімдерін орындаудың алғышарттары қалыптасқан. Оның ішінде «KazSat» спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесін құру («KazSat-2», «KazSat-3», резервтік жерүсті басқару кешені), «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» ҒЗК құру, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру, Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру, Қазақстан Республикасының жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құру, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Зенит», «Днепр» ғарыштық зымыран кешендерін коммерциялық пайдалану жобаларына қатысу секілді инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді.
Сондай-ақ, алқа отырысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-тың, «Бәйтерек» БК» АҚ-тың, «Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» АҚ-тың, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ-тың, «Инфракос» РМК-нің, «Инфракос-экос» ЕМК-нің есептері ұсынылған болатын.
Ғарыш ұйымдарының басшылары отандық ғарыш қызметін дамытудың басты мақсаттары мен міндеттерін есепке ала отырып, 2012 жылға арналған жұмыс жоспарларымен таныстырды.