ҚР Ұлттық халық санағының нәтижелері статистикалық жинақ болып жарыққа шықты - ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2009 жылғы ҚР Ұлттық халық санағының нәтижелері статистикалық жинақ болып жарыққа шықты.
Бүгін бұл жөнінде ҚР Статистика агенттігінде халық санағының қорытындыларына арналған брифингте Агенттік төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Оның айтуынша, жинақта соңғы 50 жылдағы Қазақстанның тұрақты халық санының өзгеруі туралы деректер көрініс тауып отыр. Ал жинақтың қазақ және орыс тіліндегі электрондық нұсқасы ҚР Статистика агенттігінің сайтында орналастырылған.
«Жинақта 1999 және 2009 жылдар арасындағы кезеңдегі жекелеген ұлттар бойынша халық санының өзгерістері туралы мәліметтер жарияланды. Ана тілі туралы және халықтың жеке тілдерді меңгеру деңгейі жөніндегі мағлұматтар және халықтың дін ұстануы туралы деректер берілген», деп атап көрсетті ол.
ҚР Статистика агенттігі жыл соңына дейін, 2009 жылғы ҚР Ұлттық халық санағының нәтижелеріне арналған жинақтардың барлығын басып шығуды жоспарлауда. Ол жинақтар көші-қон, білім беру, үй шаруашылығы, отбасы және неке, жұмыспен қамту, өмір сүруге қажетті кіріс көздері, жастар, қала және ауылдың портреті, тұрмыстық жағдай тақырыптары бойынша ұсынылмақ.