ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жұмыстан босатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жұмыстан босатылды, деп хабарлады Бас әскери прокуратурасының баспасөз қызметінен.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жұмыстан босатылды

Бас әскери прокуратурасымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің «Солтүстік» Өңірлік басқармасының қызметіне жүргізілген тексеру барысында 2031 әскери бөлімінің қаржы қызметімен 3,5 млн. теңгеге жуық сомаға жеткізілмеген киім-кешек мүлкіне және «Сәрсембаев Ж.Б.» ЖК-нен 5 млн. теңгеден астам сомаға сатып алынған техникалық сипаттамасы сәйкес келмейтін киім-кешекке төлем жасалынғандығы анықталған. «Солтүстік» Өңірлік басқармасы бастығының атына енгізілген заңбұзушылықты жою туралы ұсынысты қарау нәтижесінде, 31 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде «Солтүстік» Өңірлік басқармасының қойма басшысы Е.А.Ағытаев «Сәрсембаев Ж.Б.» ЖК-не заңсыз артықшылық көрсеткендігі үшін жұмыстан босатылған.

Сонымен қатар, Бас әскери прокуратураның ұсынысы бойынша Армения Республикасының 12 азаматы мемлекеттік шекарадан өткендігі туралы жалған ақпаратты «Бүркіт» ақпараттық жүйесіне енгізгені үшін «Солтүстік» Өңірлік басқармасының «Тобыл» шекара бақылау бөлімінің бақылаушысы Р.Т.Біржанов жұмыстан шығарылды.