ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде дипломдарды тапсыру салтанаты өтті

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың қатысуымен ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің офицерлеріне дипломдарды тапсыру салтанаты өтті.

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде дипломдарды тапсыру салтанаты өтті

Биыл оқуларын аяқтағандығы туралы құжатты 115 сардар алды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Ұлттық қорғаныс университетінде профессор-оқытушылар құрамының ең үздік педагог-мамандары жұмыс істейді. Олардың міндеті әскери экономиканы, әскери өндірісті және әскери ғылым мен жаңа технологияны жетілдіру мәселелерін шеше алатын, жоғары білікті офицерлерді, әскери-ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау болып табылады.

Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтың берген бағасы бойынша Ұлттық қорғаныс университетінің профессор-оқытушылар құрамы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге өзіндік үлестерін қосуда. Олардың өлшеусіз еңбектері Қарулы күштердің дамуына, Мемлекет басшысының әскери білімнің сапасын халықаралық стандарттарға сай арттыру жөніндегі қойған тапсырмаларын орындауға мүмкіндік тудыруда.

Ұлттық қорғаныс университетінің қабырғасынан 2011 жылы әскери және мемлекеттік басқару факультетіне түскен офицерлер магистратураны биыл тұңғыш бітіріп шықпақ. Бұл биылғы жылдың бір ерекшелігі болып табылады.

Әскери және мемлекеттік басқару факультеті Қазақстанның әскери білім жүйесінде жоғары бағаланады. Себебі факультет жедел-стратегиялық деңгейдегі мамандарды дайындауды жүзеге асырады. Ол құрылғанға дейін қазақстандық офицерлер мен генералдарға шет елдерде білім алуға тура келді.

«Қазақстанда әскери және мемлекеттік басқару факультетінің ашылуымен үш деңгейлі әскери білім жүйесін құру аяқталды. Демек Қарулы күштерді взводтан бастап Қарулы Күштер түрлері мен тектерін, Бас штаб пен Қорғаныс министрлігін кадрлармен толықтыру толықтай жүзеге асырылды»,- деп атап өтті сап түзеген сардарлар алдында Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.

Екі жыл бойы магистранттар стратегия теориясын, жедел өнер, әскер түрлері мен тектерін, барлық қамтамасыз ету түрлерін жауынгерлік қолданудың әдіс тәсілдерін үйреніп шықты.

Өздерінің теориялық білімдерін әртүрлі сала бойынша жетілдіру үшін Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары Қытайдың Ұлттық қорғаныс университетінде, Ұлыбританияның Корольдік әскери колледжінде болып қайтты. Университеттің магистранттарына дәріс оқу үшін Бундесвер Әскери академиясынан, НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» дайындық Орталығынан, Қытай мен АҚШ-тың Ұлттық қорғаныс университеттерінен профессорлар келді.

Сондай-ақ биыл Ұлттық қорғаныс университетінде тұңғыш рет ішкі әскерлер факультетінің де оқу бітіру салтанаты өткізілгендігін атап өткен жөн.

Ұлттық қорғаныс университеті Орталық Азия аймағындағы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери қызметшілері оқып білім алатын бірден-бір оқу орны. Мұнда Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасынан әскери қызметшілер білімдерін шыңдауда.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Қорғаныс Министрлері Кеңесінің 2005 жылдың 30 қарашадағы шешіміне сәйкес Ұлттық қорғаныс университеті Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше-мемлекеттердің Қарулы Күштеріне әскери кадрларды бірігіп дайындайтын оқу орындардың тізіміне қосылған.