ҚР Ұлттық мұражайының зерттеушілері үлкен олжаға кенелді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі аптадан бері ҚР Ұлттық мұражайының ғылыми қызметкерлері Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысын зерттеді. Осы уақыт аралығында зерттеушілер екіжақты өңделген, шақпақтастан жасалған пышақ, тегістеліп жылтыратылған тас балта, найзаның ұшы, сабы қысқа найзаның садағын тапқан.
Олжа көшпелі қазақ жерінде құрал-саймандар мен қару-жарақтың пайдаланылғандығының классикалық үлгісі. Бұл туралы astana.kz сайтына ҚР Ұлттық мұражайынан хабарлады.
Сондай-ақ, қазба жұмыстары барысында аттың сүйектері, ботайлықтардың еңбек құралдары, күнделікті тұрмыста қолданған заттары, табынған бұйымдары табылған. Сонымен қатар зерттеу барысында қоныстанған жерге жақын 2 жерлеу құрылысы анықталды.
Ботай мәдениеті келесі дәуірдегі мәдениеттің дамуына үлкен ықпал етті. Табылған бұйымдар мен нысандар Қазақстанның бірегей аймағының тарихы мен мәдениетіне жаңа, тың ақпараттар қосатын болды.
Еске сала кетейік, 1 тамызда ҚР Ұлттың мұражайының ғылыми қызметкерлері тарихта алғаш рет археологиялық экспедицияға шыққан еді. Зерттеу нысаны болып энеолит дәуірінен қалған Ботай қонысындағы ескерткіш таңдалған. Бұл сапар ҚР Ұлттық мұражайының ғылыми-зерттеу жұмыстарының бастауы болды. Сонымен қатар тарих пен мәдениетіміздегі ескерткішті зерттеп қана қоймай, Қазақстан тарихы мен археологиясындағы ғылыми қызметкерлердің біліктілігін жетілдіруге де мүмкіндік береді.