ҚР Ұлттық музейі Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 2016 жылғы 9-12 қараша аралығында Астанадағы «Көрме» орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі -ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғылыми, білім беру және полиграфия компанияларын үлкен бір интеллектуалды алаңға біріктіретін еуразиялық кеңістіктегі ең ірі мәдени-ағартушы шаралардың бірі.
Бүгін сағат 12-00-де ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» топтамасымен шығарған алғашқы кітаптарының таныстырылымы өтеді. Олар: «Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы» және «Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері» атты түрлі-түсті альбом-каталогтармен Қалиолла Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» кітабы.
Бұл сериялық басылымдарды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат - Қазақстанның ежелгі және ортағасырлардағы тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде ұсыну, ғылыми айналымға енгізу.
Көрме-жәрмеңкеде сонымен қатар, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының ҚР Ұлттық музейі ғылыми-методикалық кеңесінің мақұлдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Шоқан Уәлиханов» атты тарихи-ғұмырнамалық кітабының орысша жаңа басылымының таныстырылымы өткізіледі. Ол шығарманың алғашқы басылымының тұсаукесері 2015 жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өткен болатын.
Көрмеде сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінің Ресей Ғылым Академиясы Сібір бөлімшісінің Археология және этнография институтымен бірге Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген археологиялық экспедиция нәтижелері көрсетіледі. Сол сияқты Ұлттық музейдің төл басылымы - «Мәдени мұра» журналы және Ұлттық музей қорынан сирек кітаптар, бірегей музыкалық аспаптар, қанжарлар, қабырға панносы-плакеткалар, кәдесый бұйымдары, қазақтың ұлттық зергерлік қолөнер әшекейлері, сияқты өзге де жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылады.
Көрме аясында ауқымды мәдени-іскерлік бағдарлама - ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, әйгілі мәдениет қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен кездесулер, форумдар, байқаулар, викториналар ұйымдастырылады.
Көрмені ұйымдастырушы -«Фолиант»баспасы ЖШС.
Ресми қолдаушы - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, қоғамдық құрылымдар мен партиялар.