ҚР Ұлттық музейінде «Наурыз - жаңғыру нышаны» атты мерекелік шара өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Наурыз мерекесіне орай «Наурыз - жаңғыру нышаны» атты мерекелік шара және мәдени-танымдық «Музейдегі түн» акциясы өтті, деп хабарлайды ҚР Ұлттың музейінің баспасөз қызметі.
None
None



Мерекелік шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына ізгілік пен бейбітшілік мерекесі - Наурызға байланысты қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетілді. Қазақтың асық ату, арқан тарту, қол күресі сынды ұлттық ойындары ойнатылып, наурыз кәдесі жасалып, ақындар айтысы өтті.



Сонымен қатар, Астана қалалық мамандандырылған балалар үйінің бүлдіршіндері үшін тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылып, ежелгі түркі қару-жарақтары, этномәнердегі үйлену тойы киімдерінің және киізден дайындалған киімдердің дефилесі көрсетілді.



Сондай-ақ, киіз үйдің құрылысы мен жабдықтары туралы лекция, киізден ойыншық жасау, кенепке сурет салу, сәндік интерьер және ою-өрнек, дәннен панно жасау, керамикалық бұйымдар әзірлеу бойынша шеберлік-сыныптары өтті.

 

Астана қаласындағы Ольга Крюкованың Дизайн және Сән мектебінің стилистері мен имидж шеберлері ұсынған арнайы шеберлік-сыныптары да музейге келушілердің қызығушылықтарын туғызды.

 

«Наурыз - жаңару нышаны» атты шара таңертеңгі 10:00-де басталып, соңы «Музейдегі түн» акциясымен жалғасты. Аталмыш жоба ресми түрде Ұлттық музейдің үлкен мәжіліс залындағы Қазақстан халқы ассамблеясының «Бір шаңырақ астында» атты концертімен басталды.

Бұл кеште Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай: «Наурыз - тек түркінің немесе жалпы адамзаттың ғана емес, біле-білгенге табиғаттың да тойы. Ал, табиғат гармониялық құбылыс. Біздің өз ішкі әлеміміз бен қоғамымызда табиғатқа тән гармония болғанда ғана бұл той өз дәрежесінде аталып өтті деп айта аламыз. Ал, қазіргі қазақ қоғамындағы бейбітшілік, еліміздегі тұрақтылық пен халықтар достығының қандай дәрежеде екені өздеріңізге аян. Сондықтан, мен Наурыз тойы біздің даламызда табиғаттың өзімен бірдей тойланады деп ойлаймын», - деді.



«Музейдегі түн» акциясында мектеп жасындағы оқушылар мен студенттерге арнап «Археологиялық квест» ойыны және «Жас археолог» атты ғылыми шоу бағдарлама ұйымдастырылды. Шеберлер ауылында зергерлік бұйымдардың, ағаштан, теріден жасалған бұйымдардың, сол сияқты кәдесыйлар мен кітаптардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, 2015 жылы өткен «Музейдегі түн» шарасына 23 мың адам қатысса, 2016 жылы келушілердің саны 30 мыңнан асты. Биылғы жылы да халықтың бұл акцияға деген қызығушылықтары жоғары. Осы себептен бұдан былай Ұлттық музей аталған акцияны жылына 4 мәрте ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар