ҚР Ұлттық музейіндегі мазмұнды экспонаттары мен тарихи жәдігерлері еліміз үшін маңызды - Г.Әбдіқалықова (ФОТО)
«Ұлттық музейде 200 мыңға жуық түрлі экспонаттар бар. Биыл еліміз үшін айтулы жыл, яғни ҚР Ата Заңының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, сондай-ақ Ұлты Жеңістің 70 жылдығына орай музейде көптеген іс-шаралар өткізіліп, жаңа экспонаттармен толықты»,- деді Мемлекеттік хатшы. Белгілі болғандай, 1 қазандағы мәлімет бойынша, Ұлттық музейді 379 533 мың адам (2014 жылғы шілде-желтоқсан аралығында 124 618 адам, 2015 жылғы қаңтар-қазан аралығында 254 915 адам) тамашалады. Ал 18 мамыр Халықаралық музей күнінде өткен «Музейдегі түн» акциясы кезінде бір мезгілде музейді 23 мың адам келіп көрді. «Сондықтан да осындағы мазмұнды экспонаттар, тарихи жәдігерлер өте маңызды. Біздің мәдениетімізді насихаттауға үлкен үлес қосады деп білеміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. Г.Әбдіхалықова Ұлттық музейдің осыған дейін атқарған жұмыстарының есебін тыңдап, алдағы жоспарлар баяндалды. Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Талды-2 және Берел қорғандарынан табылған жәдігерлер жайлы ақпарат алып, Ұлттық музейдің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Отырар мемлекеттік археологиялық қорығы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мұражайларының «Тарихи жады және тағылым», сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Ұлттық натюрморт» атты көрмелерін және «Мәңгілік ел» триптихын тамашалады. Музейдің жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайды, оның ішінде экспозициялық алаң - 14 мың шаршы метр. Музейде Қазақстан тарихы, археологиялық алтын, этнография, заманауи өнер, Астана тарихы бойынша экспозициялар орналастырылған.