ҚР Ұлттық музейіне 2015 жылы табылған археологиялық олжалар топтамасы тапсырылды (ФОТО)

Ұлттық музейдің мәліметінше, археологиялық олжалар Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бастамасымен Құлан және Отырар қалашықтарында табылды. Құлан нысанында археологтар С.Ш. Ақылбектің жетекшілігімен алғаш рет ортағасырлық қалашық цитаделінің орталық бөлмесін тапты. Бұл нысан Жамбыл облысындағы Құлан деп аталатын ауылға жақын жерде орналасқан. Ол туралы ең алғаш VIII ғасырда қытайлық және араб тарихшыларының деректерінде айтылады. Ал ғылыми тұрғыда қалашық өткен ғасырдың 60-жылдары археолог К.М. Байпақовтың жетекшілігімен зерттелген еді. Цитадел мен шахристанға шурф салынып, қаланың айналасында бірнеше нысандар зерттелді. Сол уақытта қалада тұрған ауқатты адамдардың шарап өндіретін орындары мен үй-жайлары, сондай-ақ билеушінің қала сыртындағы резиденциясы анықталды. 2000 жылдары қаланың маңында зерттеу жұмыстарын академик К. Байпақов пен А. Нұржанов жүргізді. Өткен жылдың тамыз айында билеушінің сарайындағы орталық ғимарат зерттелді. Бірегей қабырғадағы жапсырылған өрнектің сақталуы мамандардың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Өрнектелген композиция С.Ш. Ақылбектің сөзі бойынша сол уақытта әр түрлі дін мен мәдениеттің болғандығын дәлелдейді. Ескерткіш шамамен алғанда, VII-VIII ғасырларға жатады.
К.М. Байпақовтың жетекшілігімен Отырар қалашығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ерте орта ғасырға жататын елуден астам мәдени және тұрмыстық жәдігерлер табылды.